Қызылорда облысында мұғалім әйелін балтамен ұрып, саусақтарын шапты деп күдікке ілінді
Фото: Видеодан скриншот
Қызылорда облысы Шиелі ауданында балтамен әйелін бірнеше рет ұрып, саусақтарын шапқан мектеп мұғалімі қамауға алынды. Оған “адам өлтіруге оқталу” бабымен іс қозғалған. Үш күннен бері жансақтау бөлімінде жатқан 42 жастағы әйелдің жағдайы әлі де ауыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жантүршігерлік оқиға Шиелі ауданына қарасты Бала би ауылында болған. Өз әйелін балталаған мұғалімнің әрекетіне тұрғындар да, мектептегі ұжымдастары да әлі сене алар емес.
Күдікті 21 жыл бойы білім ордасында биология пәнінен сабақ берген. Педагогтар бұған дейін маманның оғаш қылығын көрмедік деп ақтап отыр.
“Ол арақ ішпейді, темекі шекпейді. Намаз оқиды. Ондай тәртіпсіздік, келеңсіздікпен ескерту алған емес. Уақытша класс жетекшілікке ұсынып жүрдік. Кейінгі уақытта класс жетекші болған жоқ”, – деді №50 орта мектеп директорының орынбасары Райхан Жанқошова.
Қазақстанда оқушы қызды зорлаған мұғалім өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Қылмыс мұғалімнің өз үйінде болған. Күдікті балтамен 42 жастағы әйелінің бірнеше жерінен жарақат салған. Саусақтарын шауып, өткір құралмен басынан ұрған.
Мамандар үш күн бұрын ауыр жағдайда жеткізілген келіншек әлі де жансақтау бөлімінде емделеді дейді.
“Келгендегі жағдайы өте ауыр. Диагнозы – политравма. Миы ауыр дәрежеде соққы алған. Оң қолының 2,3,4 саусақтары ашық сынған. Екі қолы да ашық сынған. Маңдай сүйегінің сынығымен жеткізілді”, – деді Шиелі аудандық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Алмас Әбілпатта.
Отбасылық жанжалға күйеуінің жұбайының Астана қаласындағы жұмыс орнына баруға қарсы болып, қызғанғаны себеп болуы мүмкін. Бірақ бұл дерек әлі расталмады. Ал полицейлер күдіктіні өз баспанасында қолға түсіріпті.
“Полиция “адам өлтіруге оқталу” дерегі бойынша күдіктіні ізін суытпай ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Тергеу жалғасып жатыр. Өзге мәліметтер жарияланбайды”, – деді Шиелі аудандық полиция бөлімінің басшысы Болатхан Мұқанов.
Қамауға алынған 44 жастағы азамат пен жұбайының бес баласы бар. Кенжесінің жасы төртте.
Еске салсақ, бұған дейін қызылордалық мұғалім адам өлтіруге оқталды деген күдікпен ұсталғаны айтылды.