Қызылорда облысында келіншек алпысқа жуық адамға үй алып беретінін айтып, несие алдырып алдап кеткен
Фото: Видеодан скрин
Қызылордада алаяққа алданғандар тергеудің баяу жүріп жатқанына шағымын білдірді. Себебі оларды алдаған келіншек әлі де бостандықта жүр екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Көпшілік полицияның күдікті келіншектің үстінен “ұрлық” дерегімен іс қозғағанына наразы. Дегенмен құзырлы орган өкілдері жеке деректерін бере салған тұрғындардың өздерін кінәлап отыр.
Алданғандардың бірі Асылжан Асқаров баспаналы болу үшін банктен төмен пайыздық мөлшерлемемен кредит алып беремін деген келіншекке сенген. Сол себепті әйелге өзінің ғана емес, отбасындағы бірнеше адамның жеке деректерін берген. Алайда атымыздан миллиондап қарыз алған келіншек ақыр соңы ізім-ғайым жоғалды дейді.
“Жеке деректердің бәрін алды. Кепіл болу керек деді. Өзімнің әке-шешімді қойдым. Әйелімді, оның ата-анасын кепіл болуға көндірдім. Сонымен 6 адамнан 20 миллиондай кредит рәсімделген. Екі жылдан бері төленбеді”, – деді тұрғын Асылжан Асқаров.
Алаяққа алдандық деген бір топ адам облыстық прокуратураға барып, шағымын білдірген.Сонда да тергеу созбалаңға салынып, күдікті әлі қамауға алынбаған. Оның үстіне кейбір жәбірленушілердің арызы бойынша алаяқтық емес, ұрлық бабымен іс қозғалған екен. Сондықтан қолымызға бір тиын тимесе де, банктер қарызды төлеу керек деп қыспаққа алып жатыр дейді.
“Осы күнге дейін тергеуге көңіліміз толған жоқ. Кейбір адамдарға қаулының нөмірін дұрыс беріп жатқан жоқ. Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) бойынша іс қозғалған. Құзырлы органдар жәбірленушілердің әрбірімен жеке жұмыс істеу керек деп ойлаймын”, – деді жәбірленуші Берік Нұрымбетов.
Ал тергеушілер қазір алаяқтық бабымен тергеу жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ал күдікті үй қамақта екен.
“Бұл қылмыс бойынша қазір сот шешімімен үй қамақ бұлтартпау шарасы қолданылған. Қазір өз үйінде. Қылмыстық іс облыстық полиция басшысының, облыстық прокурордың қатаң қадағалауында. Толыққанды тергеу әрекеттері жүргізіледі”, – делінген полиция хабарламасында.
Тергеушілердің мәліметінге, тиімді несиеге қол жеткіземін деп алданған өзге де азаматтардан әлі де арыздар түсіп жатыр екен.

"Кесар тілігін жасағанда баланың басын қоса тіліп жіберген": Ұлына ем іздеген алматылық әйел перзентханадағы дәрігерлерді кінәлайды
