Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үнемі қорлап, қорқытып келген": Қызылорда облысында ер адам әйелінің өлімінен кейін түрмеге қамалды

Қызылорда облысы, Сырдария аудандық сотының баспасөз қызметі әйелін өз-өзін өлтіруге дейін жеткізген ер адамға қатысты сот үкімі шыққанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pexels.com

Соттың мәліметінше, тергеп-тексеру барысында ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы 1-бөлігі (Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) бойынша сотталушы Ә-ге қатысты қылмыстық іс қаралды.

"Сотталушы жәбірленуші Ә-ге қатыгездікпен қарап, қорқытып, адами қадір-қасиетiн үнемі қорлаған. Оған шыдай алмаған әйел тұрғын үй ауласында мал қорада мойнына жіп байлап, өзін өлтіруге мәжбүр болған. Сотталушының кінәсі оқиға болған жерді қарап-тексеру хаттамасы, жәбірленушінің туыстары мен куәлердің айғағы, сараптама қорытындысымен, жәбірленуші мен сотталушы арасындағы хат алмасу, жәбірленушінің ұялы телефонынан алынған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын растайтын жазба және басқа да дәлелдемемен бекітілді", – делінген баспасөз қызметініңі хабарламасында.



Айта кетері, сотталушы сотта өз кінәсін мойындамаған. Айыпталушының жас балаларының болуы жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде қабылданбады. Себебі оның қылмысы жас балаларының анасына қарсы бағытталған және анасынан айырылуына алып келген.

"Сырдария аудандық сотының үкімімен сотталушы Ә ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушыға қолданылған "ешқайда кетпеу" түріндегі бұлтартпау шарасы "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасына өзгертілді. Сотталушы сот залынан қамауға алынды. Азаматтық талап қоюшы Б азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылды. Азаматтық жауапкер сотталушы Ә-ден азаматтық талап қоюшы Б-ның пайдасына 10 000 000 теңге моральдық өтемақы өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ", – деп мәлімдеді баспасөз қызметі.

Еске салайық, Павлодар облысы Тереңкөл ауылының тұрғыны азаматтық некедегі әйелін өлтіріп, денесін жасыру мақсатында балтамен бөлшектеп, өзенге ағызып жіберген. Ер адам көмір сатып алуға қалдырған 36 мың теңгесін әйелі жұмсап қойғаны үшін ұрыс шығарған. Жанжал барысында масаң күйдегі әйел ер адамды табамен ұрмақ болған. Күйеуі жауап ретінде әйелдің кеудесі мен денесінің басқа да бөлігін жұдырықпен бірнеше рет соққан. Әйел алған жарақатынан сол жерде көз жұмды.

Талқылау