Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылорда облысында 21 жастағы жігіт пен 15 жастағы жасөспірімнің некесін қиған имам жазаланды ма – Облыстың бас имамы жауап берді

Қызылорда облысында 15 жастағы оқушы мен 21 жастағы жігіттің некесін қиған имам сөгіс алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеодан скриншот

Қызылорда облысы Шиелі ауданының имамы 21 жастағы тұрғын мен 15 жастағы қыздың некесін қиды. Жасөспірімді жүкті еткені үшін ауыл тұрғыны 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Қызылорда облысының бас діни қызметкері Дастан Құрманбаев осы жайттан соң имамдар арасында жиын өткенін айтты.

Өткен жылы Шиелі аудандық полициясының хабарламасынан кейін ауыл дін қызметкері тәртіптік кеңеске шақырылған.

"Жас жұбайдың" неке қию туралы куәлігі болған жоқ, онсыз неке қиюға тыйым салынады. Осыған қарамастан имам оқушы қыздың анасының өтінішін орындаған. Яғни "қыз жүкті болғандықтан, екі жақтың ата-анасы некеге тұруға келісімін бергендіктен" рәсім жасауды өтініпті.

"Алайда мұны ақтауға болмайды. Имам еліміздің заңын да, Қазақстандағы барлық дін қызметкеріне міндетті жарғыны да бұзды. Оған сөгіс жарияланды. Алдағы уақытта ол тарапынан қандай да бір заңбұзушылық орын алса, имам діни қызметтен шеттетіледі", – деді Құрманбаев.

Осыдан кейін облыстағы барлық имамның жалпы жиналысы өтті. Онда діни қызметкерлерге неке куәлігін көрсетпей, неке қиюға болмайтыны тағы бір мәрте ескертілді.

Еске салсақ, Қызылорда облысында 21 жастағы жігіт 15 жасар жасөспірімге үйленіп, жүкті қылғаны үшін 12 жылға сотталған еді. 

Талқылау