Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылорда әуежайы вьетнамдық Sovico Group-тың басқаруына берілмейді: Компания қыруар қаржы сұраған

Қызылорда әуежайы вьетнамдық Sovico Group компаниясының сенімгерлік басқаруына берілмейдіФото: Yandex.kz/maps

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда әуежайының вьетнамдық Sovico Group компаниясының басқаруына берілмейтінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Компания бюджеттен субсидия сұраған, алайда бұл ұсыныс әкімдік тарапынан қолдау таппады.

“Дұрыс айтасыздар, біз вьетнамдық Sovico Group компаниясымен жұмыс істедік. Алайда олардың ұсыныстары бізді қанағаттандырмады. Біз өз шарттарымызды ұсындық, олар өз талаптарын айтты. Бастапқыда компания өкілдері қосымша қаржыландыру мен субсидия сұрады. Біз мұны мақсатқа сай емес деп есептеп, келіспедік. Қазір басқа инвесторларды қарастырып жатырмыз”, — деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Әкім әуежайды басқаруға беру мемлекет үшін экономикалық тұрғыдан тиімді болуы керек екенін атап өтті. Айтуынша, шығынсыз әрі тұрақты жұмыс істеп тұрған нысанды басқа компанияға субсидиялар ұсына отырып беру — орынсыз.

Сондай-ақ өңір басшысы “Қорқыт Ата” әуежайының жаңа терминалын салуға Болат Өтемұратов қоры 16,7 миллиард теңге бөлгенін мәлім етті. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тартуға жергілікті бюджеттен 4,3 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталған.

“Қазір Қызылорда әуежайы мемлекеттік субсидиясыз жұмыс істеп тұр. Жаңа терминал жылына екі миллион жолаушыға дейін қызмет көрсетуге есептелген. Қазір аптасына 30 рейс, атап айтқанда, 18-і — Астанаға, 12-сі — Алматыға орындалды. Бұған дейін Қызылордадан Шымкентке, сондай-ақ Ақтөбе мен Орал қалаларына рейстер орындалған. Тасымалдаушы ретінде “Южное небо” әуекомпаниясы қызмет көрсетті”, – деді өңір басшысы.

Алайда жолаушылар сұранысының төмен болуына байланысты бұл рейстер тиімсіз деп танылып, соған байланысты оларды тоқтату туралы шешім қабылданған.

Әуежайды сенімгерлік басқаруға беру шешімі авиациялық байланыс дамуына, рейстердің қолжетімділігіне және жолаушыларға көрсетілетін қызмет деңгейіне әсер етеді. Өңір басшылары әуежайды инвесторға беру тек мемлекетке тиімді шарттармен және бюджетке қосымша жүктемесіз ғана мүмкін екенін атап өтті. Егер әуежай шығынсыз жұмыс істеп, өздігінен дамуға қабілетті болса, субсидиямен басқарушы компанияны тарту экономикалық тұрғыдан тиімсіз болуы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ақорда кулуарында вьетнамдық компания Қазақстан әуежайларының бірін сатып алуы мүмкін екенін айтқан еді. 

 

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 22 Желтоқсан, 2025 15:03