Қыздырылатын темекіге ауысу тіс пен қызылиекке келетін зиянды азайтады – Қазақстандық зерттеу

Қыздырылатын темекіге ауысу тіс пен қызыл иекке келетін зиянды азайтатыны зерттеуде көрсетілді.
Клиникалық зерттеу темекіден бас тартып, қыздырылған темекіге көшкендерде алты айдан кейін оң өзгерістер болғанын дәлелдеді.
“Қазақстан стоматологтар сарапшылық қоғамдастығы” РҚБ ғалымдары дәстүрлі темекі мен қыздырылатын темекі өнімдеріне өту – ауыз қуысы денсаулығына қалай әсер ететінін білу үшін клиникалық зерттеу жүргізді. Қыздырылатын, түтінсіз баламаға өткен қатысушылар арасында небәрі алты ай ішінде негізгі көрсеткіштер бойынша клиникалық тұрғыда маңызды оң өзгерістер байқалған. Бұл нәтижелер 2021 жылғы пилоттық зерттеуді растап, отандық медицинаның дәлелді базасын толықтыра отырып, темекі шегумен байланысты аурулардың алдын алу мәселесінің өзектілігін айқындайды.
Әдістеме және қатысушылар
“Өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, темекі шегуден қыздырылатын темекі өнімдерін (ҚТӨ) қолдануға ауысқаннан кейінгі ауыз қуысының жағдайын зерттеу” деп аталатын зерттеу “Қазақстан стоматологтар сарапшылық қоғамдастығы” РҚБ президенті, стоматолог-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, PhD Мейрам Раганиннің жетекшілігімен жүргізілді.
Жобаға 35–44 жас аралығындағы 80 темекі шегуші қатысты, олар төрт қаладан – Астана, Алматы, Шымкент және Өскеменнен 20 адамнан алынды. Барлық қатысушының темекі шегу өтілі кем дегенде үш жыл болған және олардың денсаулығы салыстырмалы түрде қалыпты, яғни бронх демікпесінің ауыр түрі немесе туберкулез сияқты күрделі қатар жүретін аурулары болмаған. Қатысушыларды 40 адамнан екі топқа бөлді: бірінші топ – темекі шегуді жалғастырғандар, екінші топ – қыздырылатын темекі өнімдеріне көшкендер. Зерттеу форматы – алты айға созылған ашық, рандомизацияланбаған клиникалық бақылау. Тенденцияларды нақтылау үшін 6–8 ай аралығында динамикаға қосымша бағалау жүргізілді.

"Дәстүрлі темекідегі ең зияндысы – ол темекідегі жанатын өнімдер. Олар ағзаға никотинге қарағанда әлдеқайда көп зиян тигізеді".
Мейрам Раганин, “Қазақстан стоматологтар сарапшылық қоғамдастығы” РҚБ президенті, стоматолог дәрігері, м.ғ.к., PhD
Талдау үшін төрт негізгі көрсеткіш қолданылды. КПЖ индексі тістердің жағдайын – кариес, пломба және жұлынған тістер санын көрсетті. PMA индексі пародонттың, оның ішінде қызыл иектің қабыну деңгейін бағалады. Жағындының цитологиялық талдауы жасушалық деңгейдегі өзгерістерді, соның ішінде алдын ала обыр жағдайы саналатын гиперкератозды анықтады. Ал автофлуоресцентті стоматоскопия арнайы шамның көмегімен шырышты қабаттың жасыл, қызыл және қара түстердің жануы арқылы сау және патологиялық аймақтарды айқындауға мүмкіндік берді.
Негізгі нәтижелер мен байқалған тенденциялар
Раганиннің айтуынша, дәстүрлі темекі шегуді жалғастырған топта КПЖ индексі жаңа кариоз ошақтарының пайда болуына байланысты сәл жоғарылаған, ал PMA көрсеткіші нашарлап, пародонт мәселелерінің күшейгенін көрсеткен. Цитология гиперкератоз жасушаларының көбейгенін анықтаған, ал стоматоскопияда жасыл түстердің жарқырауы азайып, қызыл және қара аймақтар артқан.
Қыздырылатын темекіге өткен топта алғашқы үш айда айтарлықтай өзгеріс болмаған, көрсеткіштер тұрақты сақталған. Ал шамамен алты-сегіз айдан кейін айқын оң динамика байқалған: гиперкератоз толық жойылған, PMA жақсарып, қызыл иектің жағдайы жақсарған. КПЖ деңгейі өзгеріссіз қалып, нашарлау болмаған. Шырышты қабаттағы жасыл түстердің жарқырауы артқан, ал патологиялық дақтар азайған.

Ғылыми тұрғыдан алғанда, бұл деректер дәстүрлі темекіні шегу кезінде жанатын өнімдер айтарлықтай азайған жағдайда ауыз қуысына түсетін уытты жүктеменің төмендеу тенденциясын көрсетеді. Нәтижелер әлемдік зерттеулермен де сәйкес келеді: ұқсас баламалар зиянының төмен екенін дәлелдеген, дегенмен бұл тақырып төңірегіндегі пікірталастар әлі де жалғасып жатыр. Зерттеу қатысушылары субъективті жағынан да оң өзгерістерді байқаған: ауыздағы жағымсыз иістің жоғалуы, баспалдақпен көтерілгенде ентігудің азаюы, қақырықты жөтелдің бәсеңдеуі. Жаңа өнімге үйрену шамамен 1,5–2 аптаға созылған, содан кейін зерттеуге қатысушылар дәстүрлі темекіге қайта оралғысы келмеген.
Практика мен профилактикаға әсері
Зерттеу қорытындылары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және басқа да беделді халықаралық ұйымдар мойындаған "зиянды азайту" қағидатына негізделген көзқарасты қолдайды. Раганиннің айтуынша, никотинге тәуелді, бірақ шылымды толық тастай алмайтын немесе тастағысы келмейтін адамдар үшін қыздырылатын темекі өнімдері зиянды барынша азайтуға мүмкіндік беретін аралық қадам бола алады. Мұндай өнімдер арқылы никотин мөлшерін біртіндеп азайтып, болашақта толық бас тартуға жол ашылады. Бұл стоматологтар үшін ерекше маңызды, өйткені темекі шегу ауыз қуысы обырына және шырышты қабаттың басқа да ауыр ауруларына тікелей әсер етеді.
"Темекі шегуден қыздырылатын темекіге ауысқандарда 6–8 айдан кейін ауыз қуысының жағдайы жақсара бастады".
Мейрам Раганин, "Қазақстан стоматологтар сарапшылық қоғамдастығы" РҚБ президенті, стоматолог дәрігері, м.ғ.к., PhD
2021 жылмен салыстырғанда, Астанада 30 қатысушыға жүргізілген зерттеуде темекі шегушілердің көрсеткіштері ең нашар, ал шылым шекпейтіндердің нәтижелері ең жақсы болған еді. Ал жаңа зерттеу бұл дәлелдерді күшейтіп, оған балама өнімге көшу динамикасын қосты. Бұл дәрігерлерге балама өнімдердің салдарын жақсырақ түсініп, консультация кезінде осы мәліметтерді қолдануға мүмкіндік береді, сондай-ақ объективті ақпарат арқылы профилактиканы күшейтеді.
Келесі қадам
Осы зерттеу қорытындыларын стоматологтар практикада қолдана алуы үшін ассоциация олармен жұмыс істеуге дайын. Раганиннің айтуынша, зерттеу нәтижелері бойынша ғылыми жарияланым әзірленіп жатыр. Ал бұдан кейін команда жаңа бір түтінсіз өнім санатын – никотинді паучтарды зерттеуді жоспарлап отыр. Дегенмен барлық маман бір ауыздан "кез келген формадағы темекі мен никотиннен толық бас тарту ең дұрыс шешім" екенін айтады. Өйткені кез келген нұсқа белгілі бір қауіп төндіреді, және ең дұрысы – мүлдем бастамау.
"Біреулер көрсін, гей болсын демейміз": Қазақстандықтар желіде ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңды қызу талқылап жатыр