"Екіжүзділіктің марафоны": Желі қолданушылары Рамазан айында бір сәтте тақуа, діндар бола қалатын адамдарды сынады
Жыл сайын Рамазан айында қоғамда мұсылмандар үшін қасиетті айдың рөліне қатысты пікірталастар күшейе түседі. Бірі бұл айды рухани тазару кезеңі деп қабылдайды, ал енді бірі бір айға ғана дінге бет бұрғандарды сынап, мұны екіжүзділік деп айыптайды. Алайда Stan.kz тілдескен қазақстандықтар Рамазан – сынайтын емес, әркімнің өз таңдауын жасап, рухани кемелденетін уақыты деп санайды.
Фото: Stan.kz
"Екіжүзділіктің марафоны"
Гүлнұр Қасенова бұл уақытша өзгеріс шынайылықтан гөрі "екіжүзділікке” көбірек ұқсайтынын алға тартады.
"Ораза айы басталғанда, көбі кенеттен тақуалыққа бет бұрып, бір айға діндар әрі иманды бола қалатындай. Бір сәтте бәрі тақуа, діндар болып, қоршаған ортаны да соған шақыра бастайды. Әдетте көңіл көтеретін орындар босап қалады. Ал әлеуметтік желілер діни жазбалар мен насихаттарға толады. Бәрі қалай дұрыс өмір сүру керек екені жайлы ақыл айтып, өзгелерге жөн сілтеуге кіріседі. Бірақ мұның бәрі бір айға ғана жалғасады. Содан кейін бәрі бұрынғы өміріне оралады. Сондықтан мен бұл айды "екіжүзділіктің марафоны" деп атаймын. Бұл марафон 1 наурыздан ресми түрде басталған", – деп жазды Гүлнұр Қасенова.
"Қыздардың жалаңаш суретіне қарамай, кальян шегуді доғарады"
Желіде пікір білдірген Жансая да адамдардың діни сенімдері мен іс-әрекеттерінің арасында үлкен алшақтық бар екенін жазған. Оның пікірінше, мұндай уақытша діндарлықтан гөрі жыл он екі ай бойы адамгершілікті ұстанған атеист немесе агностик болу әлдеқайда дұрыс.
"Рамазан кезінде өтірік иманды болып чаттардан шығып, қыздардың жалаңаш суретіне қарамай, кальян шегуді доғарады. Сөйте тұра, бір ай ғана мұсылман болып, қалған 11 ай харам және адамгершілікке жат әрекеттер жасайтын мұсылманнан қарағанда, 12 ай бойы адамгершілігін сақтаған агностик немесе атеист болған абзалырақ емес пе? "Басқа адамдардың нәпсісіне кері әсер беретін болып тұрмын ба? Әлде олардың сенімі атеистпен дос болғаны үшін өзі таңдаған діннен шығып кететіндей әлсіз бе? Бұл не масқара? Атеистпен сөйлессем соның жетегінде кетемін деп қорқатындай не деген әлсіз иман сендерде?" – деді Жансая.
Жансая бұрынғы жақын құрбысының әрекетіне де таңғалған. Себебі құрбысы Жансаяның атеист екенін білген сәтте-ақ, еш ескертусіз барлық әлеуметтік желіден өшіріп тастаған. Мұны білген Жансая оған хабарласып, мұның себебін сұрағанда құрбысы "қорықтым" деп жауап берген. Алайда нақты неден қорыққанын түсіндіре алмаған. Қыз бұл оқиғаны мысалға ала отырып, кейбір адамдар өз сенімдеріне күмәнмен қарайтынын, тіпті өздері таңдаған дінге толықтай сенбейтінін атап өтті.
@narimanuly_ #fyp ♬ оригинальный звук - narimanuly_
"Маникюр ораза ұстауға кедергі бола ма?"
Алматылық Самал сұлулық салонында жұмыс істейді. Самал жылда ауыз бекітуші қыз-келіншектер арасында ерекше үрдіс бар екенін айтады. Көптеген ару маникюрдегі гельді алып тастап, табиғи тырнақпен жүруге көшетін көрінеді.
"Осы кезең жақындағанда қаладағы қыз-келіншектер жаппай сұлулық салондарына барып, тырнақтағы гель жабындысын кетіреді. Осылайша, маникюрсіз жүруге көшеді. Бұл жыл сайын қайталанатын үрдіске айналғандай. Бірақ мені бір сұрақ мазалайды. Маникюр ораза ұстауға кедергі бола ма? Неліктен қыздар Рамазан айы келгенде тырнақтарын табиғи күйінде қалдыруға тырысады?" – деді сұлулық салонының маманы.
Дегенмен бұл мәселеде әртүрлі пікірлер бар. Кейбір діндарлар маникюрдің оразаға еш қатысы жоқ екенін, бастысы – ішіп-жеуден, жаман әрекеттерден тыйылу, рухани тазалыққа ұмтылу екенін айтады. Басқалары дәрет пен ғибадаттың толық болуы үшін тырнақтарды таза ұстау керек деп санайды.
"Қашаннан бері Рамазан айы сын тақырыбына айналды?
Салтанат есімді қыз кейінгі уақытта Рамазан айына қатысты пікірлердің өзгеріп кеткенін байқап, таңғалғанын айтады. Салтанаттың ойынша, бұрын бұл қасиетті уақытты қуанышпен қарсы алып, бір-бірін қолдау, рухани жаңару кезеңі деп санайтын.
"Қашаннан бері Рамазан айы сынаудың тақырыбына айналды? Қашаннан бері "Ой, екіжүзділік жасамаңдар, 11 ай күнә жасап, енді ғана арылмақсыңдар" деп айту қалыпты жағдай болған? Адамдар, сендерге не болды? Ақылға келіңдер. Бұрын бұлай айтпайтын, бұрын бір-бірімізді қолдап, жақсылыққа ұмтылғанымызға қуанып отыратынбыз. Ораза – рухани жаңғыру уақыты еді, мазақ ету емес. Ал қазір ше? Қазір тек айыптау, кемсіту, сөзбен түйреу ғана маңызды болып қалды. Неге ізгі ниет біреуге екіжүзділік болып көрінеді?" – деп пікір білдірді Салтанат.
Ал Мisssssssssm есімді желі қолданушысы да Рамазан айына дейін күнә жасаған адамдарды айыптауды орынсыз деп санайды. Ару өзгелерді жазғырудың орнына, сүрінгендерді сөкпей, әркімнің өз сынағы бар екенін еске салады.
"Расымен, Рамазан айына дейін ішімдік ішкен немесе басқа да күнәлар жасаған адамдарды айыптайтындарды шын түсінбеймін. "Сүрінген мен бүлінгенді сөз етпе, сен де тұрсың, мен де тұрмын кезекте" деген ұғым бар. Құранда "Айтып қой менің құлдарыма, олар өздеріне зұлымдық жасап, күнәға батқан болса да, Алланың рақымынан үміттерін үзбесін. Шынында, Алла барлық күнәларды кешіреді. Ол – аса Кешірімді, ерекше Мейірімді!" (Құран, 39-сүре "Аз-Зумар", 53-аят)", –деді ол жазбасында.
Қазақстандық арудың пікірінше, тіпті, егер олардың жолы мінсіз болмаса да, біреуді айыптаудың орнына, сенімге қарай жасаған қадамдарын қолдау маңызды.
Фото: Stan.kz / chatgpt.com көмегімен жасалған
"Алимент төлемейтін әкелер өздерін шынайы мұсылман санайды"
Кәсіпкер Асан Паржанов Қазақстанда ер адамдар табыстарын жасырады, алимент төлеуден қашатынын мысалға келтірді. Кәсіпкердің сөзінше, кей еркектер алимент төлеп міндеттерін орындаудың орнына, иман жүзді кейіп танытады.
"Кейбір ер адамдар табыстарын жасырып, алимент төлемей, өз балаларына көмектеспеу үшін сансыз сылтау табады. Бірақ сонымен бірге, олар өздерін шынайы мұсылман санайды. Бұл қаншалықты ұят, қаншалықты екіжүзділік... Бірақ, көріп тұрғандай, олардың иманы міндеттер басталған жерде аяқталады. Есесіне, жақында Рамазан келеді – ораза ұстап, намаз оқып, тазарынатын уақыт. Ең бастысы – ауызашар дастарханынан әдемі сурет салып, өздерінің қаншалықты діндар екенін көрсетіп жатыр екен. Ал балалары ше? Олар тағы да күте тұрады. Әдеттегідей..." – деп қынжылды кәсіпкер.
Асанның айтуынша, мұндай адамдар үшін дін тек сөз жүзінде ғана бар сияқты.
"Екіжүздінің жағдайы ақыретте дінсізден де ауыр болады"
Осы ретте исламтанушы Қанат Байбосынұлы Рамазан айының өзі Алланың пенделеріне тақуалығын шыңдау үшін берілген ай екенін жеткізді. Маманның айтуынша, әркім бұл айды шама-шарқы жеткенше, өз деңгейінде құлшылық-ғибадатпен өткізуге тырысады.
"Ал онікі дұрыс, мынанікі бұрыс деп кісінің ықыласын қашыруға болмайды. Егер кісіге жасаған құлшылығы, тұтқан оразасы пайдасын бермесе, оның өзгеруіне ықпал жасамаса, іс-әрекетінде кемшілік бар деп айтуға негіз бар. Кез келген жақсы дағды адамды өзгертеді. Бұл – бәрі білетін қағидат. Сол сияқты намаз оқып, оразасын ұстап жүрген кісі де өзгеруі керек. Өзгеруге әрекет жасауы керек. Өзгеріс болмаса, өзінен жаңа бір жақсы қасиет таппай жатса, ортасына, жан-жағына, ішіне, ниетіне үңіліп көрсін. Мұсылмандықта табандылық пен тұрақтылық маңызды. Ағаш тұрған жерінде жеміс береді. Су тама-тама тасты теседі. Дінде уақытша имандылық деген түсінік атымен жоқ", – деп түсіндіреді Қанат Байбосынұлы.
Исламтанушы рамазанда немесе белгілі бір кезеңдерде ғана иманды боп көріну жайына тоқталды.
"Иманы бар адам ешқашан екіжүзділік қылмайды. Бұл екеуі антоним ұғымдар. Сондықтан бір адамның бойында қос ұғымның қатар табылуы мүмкін емес. Дұрыс, кейбір кісілердің қасиетті айларда ықыласы арттып, жай күндері жақсы амалдарға не құлышлық-ғибадаттарға сұйылып қалуы мүмкін. Мұны, екіжүзділік не имансыздықпен емес құлшыныстың, қалаудың жоқтығынан туындайтынын ұмытпау керек. Сондықтын кез келген кісі амал жасау барысында туындайтын жалқаулық не ықылассыздығын иманының әлсіздігі деп емес, құлшынысының жоғалып кетуінен пайда болатынын түсінуі керек", – дейді Қанат Байбосынұлы.
Фото: Қанат Байбосынұлының желідегі парақшасынан
Исламтанушының айтуынша, адамгершілік тұрақты болуы керек, ал оны қажет кезде ғана қолдану – жасандылық.
"Дінді ұстанбайтын адам да ізгі ісі үшін құрметке ие болуы мүмкін, бірақ діни тұрғыда сауап алмайды. Себебі ол әрекеттерін белгілі бір сенімге сүйеніп жасамайды. Діндар адам жақсылықты Алла разылығы үшін, қоғам мен өзіне пайдасы тиетіні үшін жасайды. Осы сенім оны айналасына пайдалы адам етеді. Екіншіден, рия дегеніміз "қожа көрсін", "жұрт куә болсын, естісін" деп әрекет жасауды айтады. Үшіншіден, екіжүзділік шариғатта "мұнафықтық" деп аталады. Бұл қазақ тілінде де қолданыста бар ұғым. Мұнафықтық – Құран мен хадистерде қараланған жағымсыз қасиет. Тіпті, екіжүздінің жағдайы ақыретте дінсізден де ауыр болатыны жайлы аяттар бар", – деп түйіндеді исламтанушы Қанат Байбосынұлы.
Айта кетейік, кейбір мұсылман елдерінде ораза ұстау жеке сенімге ғана тәуелді емес, мемлекеттік нормаларға да енген. Мысалы, Сауд Арабиясында Ізгілікті насихаттау және азғындықтың алдын алу комитеті (Ислам полициясы) қоғамдық орындарда тамақ ішуді, су ішуді немесе шылым шегуді бақылайды. Бірқатар елдерде, мысалы, Біріккен Араб Әмірліктерінде, қоғамдық орында күндіз тамақтануға тыйым салынған.
Ал Еуропа елдерінде мұндай қатаң бақылау жоқ. Швеция, Франция, Германия секілді мемлекеттерде мұсылмандарға ораза ұстау – жеке таңдау мәселесі. Кейбір компаниялар Рамазан кезінде жұмыс кестесін икемдеп, мұсылмандарға қолайлы жағдай жасаса, ал кей жерлерде бұл ескерілмейді.