"Қытайлық зауыттар керек емес": Алматы әкімдігінің алдында ондаған тұрғын жиналды
Алматыда ондаған адам қалалық әкімдіктің маңындаға алаңға жиналды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
Жиналғандар Маңғыстау облысында қытайлық кәсіпорындардың ашылуына қарсы екендерін айтты.
«Бізге қытайлық зауыттар керек емес. Жастарға, ер-азаматтарымызға жұмыс керек», - дейді жиналғандардың бірі.
Алаңға жиналғандармен қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев кездесіп, тыныштандыруға тырысты. Ол экологияны бұзатын ескі зауыттар әкелінетіні, ол жерде тек қытайлықтар жұмыс істейтіні туралы қауесет тарағанын айтты.
«Бізде өз заңымыз бар. Мұндайға жол бермейміз. Сөз жаңа зауыттар туралы болып отыр. Кей зауыттар жұмыс істеуде. Алайда олар толықтай қытайлық кәсіпорын емес. Олар – бірлескен зауыттар. ... Бізге инвестициялар керек. Неміс, ресейлік және өзге де кәсіпкерлермен зауыттар салудамыз», - дейді Тұяқбаев.
Еске сала кетсек, 2 қыркүйекте Жаңаөзенде жүзге жуық ер адам қала әкімдігі ғимаратының алдына жиналған еді. Олар жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыруды талап етті.
3 қыркүйекте 500-ге жуық тұрғын тағы да алаңға шықты. Олармен Маңғыстау облысының әкімі кездесті.