Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайлық теннисші келісілген матчтарға қатысқаны үшін 12 жылға спорттан шеттетілді

теннисшіФото:ITIA

Қытайлық теннисші Пан Ренлонг келісілген матчтарға қатысқаны үшін 12 жылға кәсіби спорттан шеттетілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кәсіби теннистегі әділ бәсекені қорғаумен айналысатын тәуелсіз халықаралық ұйым (ITIA) оған 110 мың доллар көлемінде айыппұл салды.

25 жастағы спортшы 2024 жылдың мамыры мен қыркүйегі аралығында өткен 22 матчта ережені өрескел бұзған. Ол ITF World Tennis Tour (M15, M25) және ATP Challenger 50 турнирлерінде өзі қатысқан бес ойында нәтижені әдейі келіскенін мойындады. Бұдан бөлек, Пан Ренлонг басқа теннисшілерге 17 рет пара беруге әрекеттенген. Осыған байланысты тағы алты матч күмәнді деп танылды. Айыппұлдың 70 мың доллары шартты түрде белгіленді.

Спортшыға салынған тыйым 2036 жылға дейін күшінде болады. Осы уақыт аралығында ол ATP, ITF, WTA, Австралия және Франция теннис федерациялары, сондай-ақ Уимблдон турнирі мен АҚШ теннис қауымдастығы ұйымдастыратын басқа да жарыстарға қатыса алмайды. Сонымен қатар бапкерлікпен айналысуына және ресми қызмет атқаруына да тыйым салынды.

Пан Ренлонгтың әлемдік рейтингтегі ең жоғары көрсеткіші – 2024 жылдың қарашасында тіркелген 1316-орын. Спортшы кәсіби мансабында бар болғаны 3974 доллар ғана табыс тапқан.

Айта кетейік, биыл желтоқсан айының басында ITIA француз теннисшісі Квентин Фоглионы да келісілген матчтарға қатысқаны үшін 20 жылға спорттан шеттеткен еді.

26 жастағы теннисші 70 мың доллар айыппұл төлеп, заңсыз жолмен тапқан 44 мың долларды кері қайтаруға міндеттелді. Ол 2022–2024 жылдар аралығында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ережелерді 27 рет бұзғаны үшін кінәлі деп танылды.

 

Ақерке Өмірхан
Сейсенбі, 06 Қаңтар, 2026 13:57