Қытайлық компания Жамбыл облысында екі зауыттың құрылысын бастады
Қытайлық инвесторлардың қатысуымен Жамбыл облысында екі зауыттың құрылысы басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Олардың бірі – Орталық Азиядағы ең ірі жүгеріні терең өңдейтін кәсіпорын болмақ. Екіншісі – жылына үш миллион тонна болат өндіретін металлургия зауыты. Бұл жобаларға салынған жалпы инвестиция көлемі — 984 миллиард теңге.
Металлургия зауыты Шу ауданындағы "Жібек Жолы" арнайы экономикалық аймағында бой көтереді. Мұнда арматура, сым және болаттың бірнеше түрі өндіріледі. Бұл зауытқа қытайлық компания 564 миллиард теңге инвестиция салып, 2,5 мың жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.
"Біз Қазақстанды тұрақты инвестициялық ахуалы үшін таңдадық. Елдің аграрлық секторының әлеуеті зор. Сондықтан осында зауыт салуды бастадық. Бірінші кезеңде 350 миллион АҚШ долларын инвестициялап, кәсіпорынды іске қосамыз”, – дейді "Shengtai Biotech Co., Ltd" компаниясының әкімшілік директоры Сюй Цзин Джау.
Қытайлық инвестор Қазақстан-Өзбекстан шекарасында көкөніс өңдеу зауытын салмақ
Сондай-ақ Шу ауданында Орталық Азиядағы ең ірі жүгеріні терең өңдеу кәсіпорнының құрылысы басталды. Зауыт жылына бір миллион тоннаға дейін жүгері өңдей алады. Жүгеріден аминқышқылдар, крахмал және глюкоза өндіріледі. Өндіріс қалдықсыз болады – қалған өнімдер мал азығына пайдаланылады.
"Зауыт толық қуатында жұмыс істеуі үшін жүгері егіс алқабын кем дегенде 4-5 есе арттыру қажет. Фермерлер өнімдерін өткізу мәселесіне алаңдамайды. Зауыт олармен тікелей келісімшарт жасасады”, – дейді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек.
Жалпы, биыл Жамбыл облысында 175 миллиард теңгеден астам сомаға 30 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.
Еске салсақ, осыған дейін Қытайлар Алматыда қоқысты қайта өңдейтін зауыт салатыны туралы жазғанбыз.