Қытайда экс-министр пара алғаны үшін өлім жазасына кесілді
Фото: XinHua
Қытайдың бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі пара алғаны үшін өлім жазасына кесілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Xinhua басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қытайдың Чанчунь қаласының халық соты Қытай Халық Республикасының бұрынғы ауыл шаруашылығы және ауыл істері министрі Тан Жэньцзяньге үкім шығарды.
Сот материалдарына сәйкес, ол 2007 жылдан 2024 жылға дейін түрлі лауазымдарды атқара отырып, қызметтік өкілеттігін пайдаланып, компаниялар мен жекелеген адамдарға бизнес жүргізу, мемлекеттік тапсырыстар алу және қызметте жоғарылауға көмек көрсеткен. Осы қызметтері үшін ол жалпы сомасы 268 миллион юаньнан (20 миллиард теңге) пайда тапқан.
Сот шенеунік алған пара көлемін "аса ірі мөлшерде" деп танып, экс-министрге өлім жазасын тағайындады. Алайда сот күдіктінің қылмысының кей бөлігінің аяқталмағаны, кінәсін мойындауын, тергеуге жәрдемдесуін, қаражаттың көп бөлігін өз еркімен қайтаруын жазаны жеңілдететін жағдай деп есептеп, өлім жазасының орындалуын екі жылға кейінге шегерді.
Экс-министр өмір бойына саяси құқықтарынан айырылып, барлық жеке мүлкі тәркіленді. Заңсыз жолмен алынған табыстары мен олардан түскен пайыздар мемлекет қазынасына өткізілген.
Еске салсақ, бұған дейін Индонезияда екі қазақстандықтың өлім жазасына кесілуі мүмкін екені туралы жазған едік.

"Студенттердің шәкіртақысында несі бар": Қазақстандықтар шетелде оқитын жастарға салық төлету туралы ережені сынға алды
