62 жастағы ер адам 80-ге жуық адамды көлікпен жаншып өтті
Қытайдың Чжухай қаласында жол талғамайтын көлік жүргізушісі жаттығу жасап тұрған адамдарды жаншып өтті. Салдарынан кем дегенде 35 адам қаза тауып, 43 адам жарақат алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Оxu.az
Мәліметтерге сенсек, оқиға 11 қараша күні кешке болған. Ол оқиға орнынан қашып кетуге тырысқанымен оны полицейлер ұстады.
"Полиция Фанды ұстаған сәтте ол өзіне пышақпен жарақат салып үлгерді. Сосын полиция оны дереу тоқтатып, ауруханаға жеткізді. Ол мойнына ауыр жарақат салған, қазір есін білмей жатыр. Оған әлі де шұғыл көмек беріліп жатыр. Сондықтан одан жауап алу мүмкін емес", – делінген полицияның мәлімдемесінде.
Caixin ақпараттық агенттігінің дерегінше, жүргізушінің ажырасу кезінде мүлік бөлінісіне көңілі толмаған.
Ал қайғылы оқиғаның куәгері Чен жағдайдың қалай болғанын айтып берді. Оның тобы стадионда арнайы жасалған жаяу жүргіншілер жолымен жүрген. Осы сәтте Чен және оның тобы үшінші айналымды аяқтап қалған еді. Өкінішке қарай, кенеттен көлік оларға қарай жоғары жылдамдықпен жүріп, көп адамды қағып кетті.
"Көлік стадионды айналып өтіп, адамдар жүгіру жолының әртүрлі бөлігімен жүріп, көпшілігін жаншып өтті. Стадионның шығыс, оңтүстік, батыс және солтүстігінде жүрген адамдардың бәрі жарақат алды", – деді Чен.
Басылымның мәліметінше, зардап шеккендердің арасында қарттар, жасөспірімдер мен балалар бар. Қытай төрағасы Си Цзиньпин оқиғаға қатты алаңдаушылық білдіріп, билікке зардап шеккендерге көмек беру үшін бар күш-жігерін салуды тапсырды және кінәлілерді қатаң жазалауға шақырды. Үкімет оқиғаның салдарын жоюға көмектесу үшін арнайы топ жіберді. Сонымен қатар іс бойынша тергеу басталып, зардап шеккендерге көмек беру жалғасып жатыр.
Айта кетейік, кейінгі айларда Қытайда бірнеше қатыгез шабуыл болды. Солардың бірі қыркүйек айында Шанхайдағы супермаркетте ер адам қырғын жасап, үш адам қаза тапты. Бірнеше адам жараланды. Сол айда оңтүстік Қытайда мектеп жанында 10 жастағы жапон оқушысы пышақталып, бір күннен кейін қайтыс болды.
Еске салайық, бұған дейін Қырғызстанда балмұздақ тиелген фургон 29 оқушыны қағып кеткені айтылды. Кейін зардап шеккендер саны 32 адамға дейін көбейді. Олардың ішінде тек біреуі мұғалім, қалғаны – оқушылар. Созақта мектеп оқушыларын соғып кеткен жүк көлігінің жүргізушісі ұсталды. Ол 48 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Жүргізуші Hyundai Porter көлігін балалар мерекеге дайындалып жатқан жерге тоқтатқан. Іс-шара кезінде ол балаларға балмұздақ таратуы керек еді. Қойылым кезінде көлік төменге сырғып, көпшіліктің арасына қарай жүріп кетті. Жүргізуші көліктің артынан жүгірді, десе де тоқтата алмады. Апат болып, киізүйге соқтығысқан соң көлік тоқтады.