"Қытайда 40 минут қана берілген": Оқу-ағарту министрлігі Қазақстанда TikTok-қа шектеу қою туралы айтты
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева TikTok-тың Қазақстандағы балаларға әсері және оны шектеудің ықтимал шаралары туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay
Сенат отырысында журналистердің сауалына жауап берген Жұмаділдаева зиянды контент балаларға ғана емес, сыни ойлауы дамымаған ересектерге де әсер ететінін айтты.
"Бір нәрсені айтайын: кез келген зиянды контент балаға да, ересек адамға да әсер етеді. TikTok жасалған Қытайда балаларға қосымшаны күніне небәрі 40 минут пайдалануға рұқсат етілген. Сонымен қатар контентке шектеу қойылған. Балаға тек оқу-дамытушы материалдар ғана көрсетіледі", – деді бірінші вице-министр.
Оның айтуынша, Қазақстанда мұндай шектеулер жоқ. Ал балалар мен ересектер мүлдем басқа контентті тұтынады.
Наталья Жұмаділдаева Оқу-ағарту министрлігінің TikTok-ты шектеу бастамасын қолдайтынын айтты.
"Құқықтық база аясында біз мұндай бастамаларды міндетті түрде қолдаймыз", – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Депутат Жанарбек Әшімжанов ел аумағында кәмелетке толмаған балаларға TikTok желісіне кіруге тыйым салуды ұсынған еді.