"Қытай зауыттарына қарсымыз": Нұр-Сұлтан тұрғындары плакат ұстап көшеге шықты
Бір топ адам плакат ұстап Нұр Сұлтан көшелерімен жүріп өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Фото: Бота Альжанова/facebook.com
Шерудің видеолары әлеуметтік желілерде пайда болды. Бір топ адам Республика даңғылымен жүріп өтті, сонымен қатар қала әкімдігі алдындағы алаңға барды.
Олар Қытай Қазақстанға салуды жоспарлап отырған 55 зауыттың ашылуына қарсы шықты.
Бұған дейін ішкі істер министрлігі мен сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты жалған деп атаған.
Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жиналғандардың алдында қоғамдық даму бөлімінің басшысы Талғат Рахманберді келді. Ол қатысушыларға олардың әрекеттері заңсыз екенін түсіндірді. Әкімдік біраз уақыттан кейін адамдар тарап кеткенін атап өтті.
2 қыркүйекте Жаңаөзенде жүзге жуық адам жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту туралы талаппен қала әкімдігі ғимаратының алдына жиналды. Олардың айтуынша, қалада жергілікті халыққа жұмыс орны жетіспейді. Сонымен қатар, олар қытайлық кәсіпорындардың ашылуына қарсы шықты.
3 қыркүйекте Жаңаөзендегі адамдар тағы да алаңға шықты. Олармен Серікбай Трумов пен Әділбек Дауылбаев кездесті. 4 қыркүйек күні Алматыда ондаған адам қытайлық зауыттың ашылуына қарсы шықты.