Қытай АҚШ-тан келетін барлық тауарларға баж салығын 84%-ға дейін көтерді
Қытай АҚШ-тан келетін барлық тауарларға кедендік баж салығын 84%-ға дейін көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: AP Photo
Қытайдың қаржы министрлігі 10 сәуірден бастап жаңа кедендік баж салығы күшіне енетінін хабарлады. Бұл шешім АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген тарифтерге Қытай тарапынан жауап ретінде қабылданды.
АҚШ-тың баж салықтары Қазақстанға қалай әсер етеді — Ұлттық экономика министрі жауап берді
Сәуір айының басында Трамп өзге елдерден келетін тауарларға қосымша салық салу туралы шешім қабылдаған еді. Сол кезде Қытайдан әкелінетін өнімдерге 34% көлемінде баж салығы енгізілді. Ал бұған дейін АҚШ-та Қытай импортына 20% баж салығы қолданыста болған.
Оған жауап ретінде Қытай билігі 10 сәуірден бастап АҚШ-тан келетін барлық өнімдерге қосымша 34% кедендік салық енгізетінін жариялады. Бұған жауап ретінде Трамп Қытай өз шешімінен бас тартпаса, тағы 50% баж салығын енгізетінін ескерткен. Алайда Қытай өз ұстанымынан бас тартқан жоқ.
Нәтижесінде, 9 сәуірден бастап Қытайдан АҚШ-қа тасымалданатын барлық тауарға 104% баж салығы салынып жатыр. Ал 10 сәуірден бастап Қытайда АҚШ-тан келетін барлық импортқа 84% кедендік тариф қолданылады.