Қытай АҚШ-қа 125%-дық баж салығын енгізді
Қытай 12 сәуірден бастап АҚШ-тан келетін тауарларға арналған кедендік баж салығын 84%-дан 125%-ға дейін көтереді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Global Look Press
Қытайдың қаржы министрлігі салықтарды арттыра берудің экономикалық мәні қалмағанын атап өтті.
"АҚШ баж салығын арттыра берсе де, оның экономикалық мәні болмайды, бұл жағдай әлемдік экономика тарихындағы бір әзілге айналады", – делінген ҚХР қаржы министрлігінің хабарламасында.
Министрлік өз мәлімдемесінде 125%-дық баж салығы жағдайында америкалық тауарларды Қытай нарығы "қабылдай алмайтынын" атап өтті. Қытай билігі бұдан кейін АҚШ "тарифтік ойынын" жалғастыраса, бұл әрекеттерді елемейтінін мәлімдеді.
ҚХР сыртқы істер министрлігінің өкілі Линь Цзянь Қытайдың сауда соғысын қаламайтынын, бірақ одан қорықпайтынын мәлімдеді.
"Егер АҚШ мәселелерді диалог арқылы шешкісі келсе, шамадан тыс қысым мен ойсыз әрекеттерін тоқтатуы керек. Мұндай тәсілдер бізге әсер етпейді", – деді ол.
Сондай-ақ Бейжің Вашингтонның тарифтерді көтеруіне байланысты Дүниежүзілік сауда ұйымына жаңа шағым түсіруді жоспарлап отыр.
Еске салсақ, 3 сәуір күні АҚШ президенті Дональд Трамп 180-нен астам елге жаңа салық тарифтерін енгізетінін мәлімдеді. Тізімде 34%-дық тарифпен Қытай да бар. 4 сәуірде Қытай АҚШ-тың әрекеттеріне жауап ретінде барлық АҚШ өнімдеріне 34%-дық тариф енгізетінін жариялады. Трамп Қытайдың бұл әрекетіне жауап ретінде қытайлық тауарларға 104%-дық баж салығын енгізді. Артынша Қытай да АҚШ тауарларына салынатын баж салығын 84%-ға дейін көтерген еді.
Осындай кейін АҚШ билігі Қытайдан әкелінетін тауарларға енгізілген жаңа баж салығының жалпы мөлшері 145% екенін мәлімдеді.