"Ауғанстан жақын жерде": Қазақстандық жазушы Kitapall дүкені діни нормаға келмейтін кітаптарды сатылымнан алып тастайтынына наразы

Фото: Әлихан Жақсылық/Kitapall
Қазақстандық жазушы Kitapall кітап дүкені туындыларды алалап, діни нормаға сай болмаса, өртеп жіберетінін айтып шамданды. Сөзінше, оның кітабын да дүкен “исламға жат” деп сатудан бас тартқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлихан Жақсылық Threads желісінде “Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?” деген кітабын Kitapall дүкеніне сатылымға берген. Алайда кітап дүкені діни білімі бар сарапшының шешіміне сай сатылымнан алып тастаған. Жазушы мұндай цензурада шығармашылық туындыларда болмауы керек деп санайды.
“Өте өкінішті! Еліміздегі ең беделді, ең танымал кітап дүкені романдағы Құдай бейнесі үшін сатылымнан бас тартып отыр... Ауғанстан жақын жерде... Енді Қазақстанда кітап сатудың мәні де қалмады ғой. Бара-бара кітаптарымды мүлдем сатуға тыйым салатын шығар”, – деді ол.
Сөзінше, кітапта құдайға не дінге қарсы ештеңе жазылмаған. Тек өз шығармашылық қиялымен құдай бейнесін суреттегенін айтады.
“Құдайды көркем әдебиетте қолдану бұл атеизм деген сөз емес қой. Қазақтың барлық ауыз әдебиетінде, аңыз-әфсаналарында Құдайдың өзіндік сипаттары бар, шайтанның да сипаттары бар... Менің көз Алдымдағы Құдай бейнесі – жақсылық таратушы, әділет орнатушы және керектіге асықпай уақытында кездестіретін, нұр таратушы ретінде бейнеленсе, жазығым не? Менің көз алдыма отқа күйдіруші, өртеуші, қинаушы мен азаптаушы болып елестемейді екен”, – деді Әлихан Жақсылық.
Одан соң жазушы Kitapall өкілі Мирас Кесебаевтың жауабын желіге жариялады.
“Біз менталитетке, әдепке, психологиялық саулыққа, Ислам дінінің нормаларына сай келмейтін кітаптарды сатылымға қоймаймыз. Кез келген кітапты “кітап екен” деп сата бермейміз ғой. “Лето в галстуке” сияқты кітаптарды әдеби роман деп қателесіп алып, ЛГБТ туралы екенін білген соң өртегенбіз”, – деді Кесебаев.
Жазушы кітап дүкенінің кітапты өртегеніне наразы.
“Kitapall кітап дүкені кітап өртегендерін жазып жатыр. “Ендеше діни кітаптар сатамыз” деп жарияласын!”, – деді ол.
Желіде бұл оқиға қызу талқыға түсті. Бірі кітап дүкенінің позициясын қолдаса, қалғаны мұндай цензуралар болмауы керек екенін және әр кітаптың өз оқырманы барып айтты.
“Әдебиет – уағыз емес. Жазушы – имам да, муфти де емес. Әлем әдебиетіне қарасақ, Құдаймен айтысқан, күмәнданған, тіпті қарсы шыққан кейіпкерлер толып жатыр. Достоевскийде де бар, Камюде де бар, Кафкада да бар. Бұл – Құдайды жоққа шығару емес, адамның ішкі драмасын көрсету тәсілі. Егер әр жазушы Құдайды тек "дұрыс ракурстан" көрсетуге міндетті болса, онда трагедия, психология, шынайы әдебиет болмайды. Баспа мен дүкеннің өз ұстанымы болуы мүмкін. Бірақ ол ұстаным әдеби ойды тұншықтыруға, авторды “жауап беруге міндетті” адамға айналдыруға апармауы керек. Бір кітапты сатпау – коммерциялық шешім. Ал оны моральдық айыпқа айналдыру – қауіпті үрдіс. Сонда жазушы не істеуі керек? Үндемей, бәріне ыңғайланып жазу ма? Әдебиет сұрақ қоюдан туады. Ал сұрақтан қорқатын қоғам ойдан да қорқады”, – деп жазды желі қолданушысы.
Тағы бір қазақстандық мұны “жастарды аяқтан шалу” деп атады.
“Шығармадағы Құдай бейнесі үшін романды сатылымға қоймау дегенің KitapAl-дың өз діни шекарасындағы оқырмандарын қорғағысы келгені ме? Ондай болса, кітап дүкенінің атын “тек діни кітаптар дүкені” деп өзгерту керек еді ғой? Құдай бейнесін пайымдау, дауластыру, әркім өз бетінше болмысын ашу дейтіндер әдеби дәстүрде бар нәрсе емес пе? Достоевскийден бастап Камюге дейін толып жатыр. Заң жүзінде KitapAl сатпаймыз десе, сатпауға толық құқылы. Әйтсе де, әдеби еркіндікті тежеп отырғандары KitapAl-дың кітап дүкені ретіндегі өз позициясына қарсы шыққаны ғой. Оқырмандары да түсінбеген сияқты. Ал астындағы пікірлетіп отырған жастардың ешбірі кітап бетін ашпаған-ау... Қазақылыққа “жатты” оқуға дайын болмағанымыз ғой демек… Әлихан Жақсылық сияқты мықты жазушыларымызды жастайынан өзіміз аяқтан шаламыз. Қазақтың қашанғы әдеті ғой”, – деді ол.
Алайда дүкеннің позициясын дұрыс дегендер де табылды.
“Біз мысалы діни кітаптарды Марвинге, Меломанға, Каспиге қоя алмаймыз. Тіпті жанында балабақша мен мектебі бар кітап дүкендеріне де діни кітапты сатуға тыйым салынған. Сонда “атеистік қоғам жақын екен” деп әлемге жар салып, өкпелеп жүрген жоқпыз ғой. Ақыры обьективті қарау керек болса, солай қарау керек деп ойлаймын”, – деді желіде.
Бірі құдай бейнесін суреттегеніне шүйлікті.
“Сонда Құдайдың суретін өз ойыңыздан салып алып, соны сатқыңыз кеп отыр ма? Мүмкін кітабыңыз экстремисттік кітап шығар?! Өзіңіз дінге қатыстырып кітап жазыпсыз. Ондай кітаптар Қазақстанда қатты сортталатынын білмей қалдыңыз ба? Қызық екен, сізге ешкім міндетті емес. Құдай бейнесін салсаңыз, Үндістанға барып сатсаңызшы”, – деді желі қолданушысы.
2026 жылдан бастап доллар бағасы мен инфляция қалай өзгереді – Экономистер болжам жасады