Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қысылып тұр": Алматыдағы кейбір мейрамханаларда даяшылардың қонақтар алдында би билеуі наразылық тудырды

Фото: Видеодан скрин

Алматыдағы кейбір мейрамханаларда даяшылардың қонақтар алдында би билеуі қоғамда қызу талқыға түсті. Қызметкерлердің айтуынша, би билеу еңбек келісімшартында көрсетілмеген, алайда орындамағандарға 20 мың теңге айыппұл салынуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Кейінгі уақытта қоғамдық тамақтану орындарында даяшылардың би билеуі қоғамда қызу пікірталасқа айналды. Кейбір мейрамханаларда тапсырыс қабылдап, тағам әкелетін қызметкерлер қонақтардың алдында би билеуге мәжбүр болады деген ақпарат тарады.

Алматыдағы дәмханалардың бірінде жұмыс істейтін жігіттің айтуынша, би билеу олардың еңбек келісімшартында көрсетілмеген. Соған қарамастан, талапты орындамаған қызметкерлерге 20 мың теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

"Үлкен болып официант болып жүрміз. Бірақ билемесек 20 мың теңге айыппұл салады. Келісімшартта мұндай талап жоқ. Ұл бала болғандықтан көпшілік алдында билеу ыңғайсыз", – дейді ол.

Мәселені алғаш көтерген тұрғын Шерхан Абзалұлы да қызметкерлердің өзін жайсыз сезінгенін байқағанын айтады. Оның пікірінше, ұлттық биді насихаттау мақсат болса, арнайы бишілер шақырған дұрыс.

"Қыз-жігіттердің жүзінен-ақ олардың қысылып тұрғанын байқауға болады. Ұлттық құндылықты көрсеткісі келсе, арнайы бишілер жалдасын. Бірақ даяшыларды билетудің қажеті жоқ", – дейді Шерхан Абзалұлы.

Ал қоғам пікірі екіге бөлінді. Бірі мұндай талапты қызметкерлерге қысым деп бағаласа, енді бірі мұнда тұрған ештеңе жоқ екенін айтады.

Кәсіпкер Ұлықбек Жұбаев мұндай бастаманы маркетингтің бір тәсілі ретінде түсінуге болатынын, бірақ талап қоюдың да шегі болуы керегін атап өтті.

"Егер мейрамхана иесі өзі билеп көріп, ол әдемі әрі жарасымды болса, онда жасауға болады. Ал адамдарға ерсі көрінсе, ондай талап қоюдың қажеті жоқ", – дейді кәсіпкер.

Мамандардың пікірінше, мейрамхана – ас ішетін орын, ал өнер көрсету сахнаның ісі. Сондықтан мұндай бастамаларда қызметкерлердің еңбек құқығы мен адамдық қадір-қасиеті ескерілуге тиіс.



Еске салайық, бұған дейін Нұрболат Абдуллин Алматыдағы Алматы Арена сахнасында өткен концертінде тыңдармандарына тосынсый жасап, жас әнші Say Mo-мен бірге дуэт орындады. Ән барысында олар заманауи би элементтері бар сахналық қойылым көрсетті. Көрініс әлеуметтік желіде қызу талқыланып, пікір екіге бөлінді. Бір топ көрермен әншінің сахнадағы еркіндігі мен харизмасын жоғары бағаласа, енді бірі оның әрекетін сынға алып, "киелі сахнаны қор қылды" деп жазды.

Айым Атамбаева
Жұма, 06 Наурыз, 2026 11:29