Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Кішкентай ұлтшыл өсіп келе жатыр": Астанада сатушы қазақ тілінде қызмет сұраған 6 жастағы қызға дөрекілік танытқан

Астанада тағы да тілге қатысты дау туды. Велосипед сататын дүкенде сатушы 6 жасар қыз бағаны қазақ тілінде айтуды сұрағаны үшін дөрекілік танытқан. Сөздерінше, сатушы Тоқаевтың жақын арада айтқан сөзін келтіріп, қызды “ұлтшыл” деп атаған. 

Оқиға Астанада Орынбор көшесінің бойында орналасқан Envy бутигінде болған. Анасы мен 6 жасар қызы велосипед іздеп барыпты. Кішкентай қыз сатушыдан велосипед бағасын қазақ тілінде айтуды сұраған екен. Анасы Кәмшат Тасболаттың айтуынша, бала орысша сан есімдерді білмейді.

“Сатушы қазақша сұраған баланы дөрекі түрде қорқытты. "Қазір менен көресің! Президентіміздің не айтқанын естімедің бе? Сен сияқтыларды жазалайды. Кішкентай ұлтшыл өсіп келе жатыр” деп зекіді”, – деді Кәмшат Тасболат. 

Сөзінше, сатушы анасының ескертуіне де мән бермепті.

“Қызым сатушының саусағын шошайтып, дауыс көтеріп сөйлегенінен ойыншықтар арасына тығылып қалды. “Сіз не деп тұрсыз, сөзіңізге жауап беріңіз. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” дегеніме пысқырмай, дүкенге кірген екі жігітке қарай кетті”, – деді ол.

Бұл әрекет желідегілердің ашуын туғызды. Желі қолданушылары 2GIS қосымшасында Envy дүкеніне төмен баға қойып, сынап тастады. 

“Орысша түсінбейтін 6 жасар бала сатушыдан қазақша сөйлеуді өтінсе, балаға айқайлап, “вырастают нацпаты” депті. Сонда Қазақстанда кез келген қазақ қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ете алмай ма? Пікірді шектеп тастапты. Мынаған бойкот жариялаңдар! Қазақстанда қазақ тілін құрметтейтіндер ғана ақша табатынын бизнес өкілдері білсін! Кеше ғана “магнумды” маңыратқан да – Қазақша сөйлейтін Қазақтар. Тілге құрмет – елге құрмет!”, – деді журналист Нәзия Жоямерген. 

Кәмшат Тасболаттың айтуынша, осы жайттан кейін Астана қалалық тіл басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп дүкеннің үстінен шара қабылдады.

“Дүкеннің маңдайшасында мемлекеттік тілде ақпарат болмағасын оны алып тастапты. Сондай-ақ дүкен ішіндегі кассалық түбіртектеріне де мемлекеттік тілге ауыстырылуы талап етіліп отыр. Өкінішке қарай, қазір тіл басқармасының айыппұл салу тетігі жоқ. Тіл басқармаларының құзыретін күшейту қоғам талабы боп тұр. Әрине, мұндай тіл талаптарын орындамаған нысандарға қатысты шұғыл шара тек резонанс болған жағдайда ғана жылдам шешілетіні өкінішті”, – деді ана.

Stan.kz тілшісі Envy дүкенінің өкілімен сөйлесіп, пікір сұрады.

“Мен, Әлібек Қожабаев, дүкен қожайыны ретінде өз атымнан және ұжым атынан келеңсіз оқиғаға байланысты кешірім сұраймын. Қазақ “аңдамай сөйлеген ауырмай өледі” дейді. Абайсызда айтқан дөрекі сөздеріме шын көңілден өкінемін. Мұндай қатені енді жасамауға уәде беремін. Басқаларды осы оқиғадан сабақ алып, мемлекеттік тілге құрметпен қарауға шақырамын”, – деді дүкен иесі Әлібек Қожабаев.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Magnum желісінің курьерінің жұмыстан қуылуы қызу талқыға түскен еді. Дау курьер қазақ тілінде сөйлеуді талап етуінен басталған. Ал кейін компания басшылығы оны жұмыстан шеттеткен. Осыдан кейін қазақстандықтар компанияға бойкот жариялап, шағымданған. 

Еске салсақ, Тоқаев елімізде азаматтар бір-бірін "мына тілде сөйле" деп мәжбүрлемеуге тиіс екенін айтқан еді.

Қырмызы Скендирова
Жұма, 02 Мамыр, 2025 13:41
Талқылау