Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Кішкентай Бишімбаев деп мазақтаған”: Астанада балабақшадағы буллинг фактісі бойынша тексеріс басталды

Оқу-ағарту министрлігі Астана қаласының тұрғыны баласының балабақшада буллингке ұшырағаны туралы шағымына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: ria.ru

Астана тұрғыны қала әкімі Жеңіс Қасымбекке баласына қатысты балабақшада болған буллинг жайлы шағым түсірді. Әйелдің айтуынша, 2024 жылдың тамыз айында ұлы Астанадағы жеке балабақшалардың біріне барып жүрген. Алайда қыркүйек айында ата-аналар арасында жанжал шығып, әйелдің екі жасар ұлын мектепке дейінгі мекемеден заңсыз шығарып жіберген.

"Менің балама әлеуметтік буллинг жасалды, баламды агрессивті, тіпті “кішкентай Бишімбаев” деп атап, түрлі ауыр сөздер айтылған. Мен полицияға, прокуратураға, білім басқармасына бірнеше рет арыз жаздым. Алайда барлық мекеме тек ресми жауаппен шектелді. Олар жеке балабақшаларды қадағалауға құзыретіміз жоқ деп жауап берді", – деп шағымданды әйел.

Жеңіс Қасымбек бұл жағдайды жеке бақылауына алуға уәде беріп, балабақшада тексеріс жүргізуді тапсырды.

Оқу-ағарту министрлігіне қарасты балалардың құқықтарын қорғау комитеті жағдайға қатысты пікір білдіріп, әйелдің комитетке шағымданғанын растады.

“Жуырда баланың анасы комитет төрайымы Насымжан Оспановамен кездесіп, болған жағдайды толықтай баяндады. Кездесу нәтижесінде тексеріс жүргізу туралы шешім қабылданды. 28 сәуір күні білім сапасын қамтамасыз ету департаменті тиісті тексерісті бастайды", – делінген хабарламада.

Еске салсақ, бұған дейін Астана тұрғыны қала әкіміне екі жасар баласы балабақшада әлеуметтік буллингке ұшырағанын айтып шағымданғаны туралы жазған едік.

Талқылау