Қырғызстанның шартын орындамаса Қазақстан Ыстықкөл жағалауындағы қонақүйлерден айырылады
Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері Ыстықкөл көлінің жағасындағы төрт пансионат туралы келісімге өзгерістер енгізуге қол қойды. Егер Қазақстан 2029 жылға дейін Қырғызстан аумағына төрт жұлдызды қонақүйлер салмаса, пансионаттардан айырылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: 2gis.kg
2006 жылы Қырғызстан Қазақстанға 49 жылға төрт нысанды берді:
- "Қазақстан" шипажайы;
- "Университет" спорттық-сауықтыру лагері;
- "Олимп" орталығы;
- "Самал"демалыс үйі.
Алайда шарт бойынша Қазақстан бұл орындарға үш жұлдызды және төрт жұлдызды қонақүйлер салуға тиіс болды. Дегенмен бүгінге дейін бұл шарт орындалмады. Сол себепті Қырғызстан министрлер кабинетінің бастамасымен құрылыстың мерзімі – 2029 жылғы 31 желтоқсанға дейін енгізілді. Егер осы уақытқа дейін нысандар салынбаса, Қазақстан пансионаттарынан айырылады.
Мемлекеттік мүлік комитеті бюджетті бөлудің күрделілігіне және қонақүйлерді ұстаудың тиімсіздігіне байланысты Қазақстан өз міндеттемелерін орындамағанын түсіндірді.
"Ыстықкөлдің климат жағдайы қонақүйлерге тек жазғы демалыс маусымында 2-3 ай жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты Мемлекеттік мүлік комитеті Қырғызстанмен жасалған шартқа өзгерістер енгізуді ұсынды. Атап айтқанда Қазақстанға жалға берілетін объектілерге инвесторларды тарту құқығын беруді сұрады", – деді ведомство.
Өз кезегінде Қырғызстанның министрлер кабинеті 2024 жылғы қыркүйекте бұл шартқа шартпен жауап берді. Егер Қазақстан бес жылда міндеттемелерді орындамаса, онда 60 күнде Қырғызстан шартты біржақты тәртіппен бұзуға құқылы.
2024 жылғы 4 желтоқсанда Бішкекте 12-қазақ-қырғыз үкіметаралық кеңесі өтті. Кездесуде Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров қатысып, Ыстықкөл жағалауындағы объектілерге берілетін меншік құқығы мәселелерін реттеді.