Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қырғызстандық Айзаданың өлімі: Бішкек қалалық полиция бөлімінің бастығы қызметінен босатылды

Қырғызстанда Айзада Қанатбекованың өлімінен кейін Бішкек қалалық полиция бөлімінің бастығы қызметінен босатылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қырғызстанда ер адам алып қашқан 27 жастағы Айзада Қанатбекованың өлімі үлкен дау тудырды. Қыздың мәйіті табылғаннан кейін халық бас көтеріп, министрлік басшысы Ұлан Ниязбеков пен Бішкек ІІББ бастығы Бақыт Матмусаевтың отставкаға кетуін талап етті.

Қырғызстан ІІМ баспасөз қызметі министрлік ауыр зардаптарға әкеп соқтырған өзінің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қызметкерлерді жауапкершілікке тарту жөнінде түбегейлі шаралар қабылдайтынын атап өтті.

"Қайғылы оқиғаға байланысты Первомай ауданының ІІБ, астананың ІІББ және Шу облысының ІІББ қызметкерлеріне қатысты қызметтік тергеу тағайындалды. ІІМ Ішкі тергеу қызметі болған оқиға бойынша мұқият және объективті қызметтік тергеу жүргізді және милиция қызметкерлерінің, бөлімше басшыларының қызметтік іс-әрекетіне баға берілді", - делінген хабарламада.

Осылайша, Бішкек ІІББ бастығы Бақыт Матмусаев қызметінен босатылды. Одан бөлек, ІІББ бастығының орынбасары Атантаев, ІІББ тергеу қызметінің бастығы Өтемісов, Первомай ауданы ІІБ бастығы Казакеев және оның қол астындағы бірнеше қызметкер, Шу облысының ІІББ ЖББ-нің 2 қызметкері жұмыстан кетті.



Бірқатар полиция қызметкерлерінің қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту жасалды. Құқық қорғау органдарының 44 қызметкері осындай ескерту алды.

Еске салайық, Айзада Қанатбекованы 5 сәуірде сағат 7:00-де Бішкекте алып қашқан. Бұл сәт бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Видеода бір ер адамның қызға жақындағаны және оны күшпен машинаға апарғаны көрінеді. Кейінірек тағы екі ер адам қызға жақындап, оны қызыл түсті машинаға мәжбүрлеп отырғызған. Бұл көлікке екі адам отырады, үшіншісі таксиге отырады.

7 сәуірде қыз бен оның алып қашқан жігіттің мәйіті бар көлік табылды. Полицияның алдын-ала мәліметтері бойынша, ер адам жанжал кезінде қызды қылқындырып, содан кейін өзіне пышақ жарақатын салып, өлген.

Қырғызстанда бұл іс үлкен қоғамдық резонанс тудырды. Халық митингке шықты. Жағдайды ел президенті Садыр Жапаров жеке бақылауына алды.

Талқылау