Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кенесары ханның өлімі үшін кешірім сұраған": Сот қырғызстандық әншіге айыппұл салды

Бішкек соты әнші Қайрат Примбердиевті өшпенділікті қоздыру ісі бойынша 100 мың сом (588 мың теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kloop порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) әншінің қазақ халқынан Кенесары ханның өлімі үшін кешірім сұраған мәлімдемесіне назар аударған.

"Сот шешімі бойынша мен Қырғызстан мемлекетінің бюджетіне 100 мың сом төлеуім керек. Мен қателік жіберген шығармын, бірақ мемлекет қазынасына үлес қосуға мүмкіндік туғанына қуаныштымын", – деді Примбердиев Instagram-дағы жазбасында.

Қаңтар айының басында YouTube-тағы Айран арнасының журналистері қырғыз-қазақ қарым-қатынасына арналған сюжет жариялаған болатын. Спикерлердің бірі ретінде қатысқан Қайрат Примбердиевтен қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы туралы сұралды. Жүргізуші: "Қырғыз Ормон ханы өзге жолды таңдай алар ма еді?" деген сұрақ қойғанда, әнші қазақ ханының өлімі үшін кешірім сұрады.

Оның бұл пікірі қырғыз қоғамында қызу пікірталас тудырды. Кейін ҰҚМК Примбердиевтің сөздерін "ұлтаралық араздықты қоздыру" деп бағалап, іс қозғады.

Айта кетейік, Кенесары хан 1847 жылы қаза тапқан. Тарихи деректерге сүйенсек, қазақтың соңғы ханының денесі Қырғызстан аумағында жерленген, ал басы Омбыға трофей ретінде жіберілген. Оның сүйектерін іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.



Еске салайық, бұған дейін Қырғызстанда Кенесары ханның басы алынғаны үшін өз атынан қазақтардан кешірім сұраған әнші Қайрат Примбердиевті Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті қамауға алды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, Қайрат Примбердиевке араздықты қоздырды деген айып тағылды.

Талқылау