Қырғызстанда өлім жазасын енгізу туралы ұсыныс қабылданбады
Фото: limon.kg
Қырғыз Республикасы Конституциялық соты 10 желтоқсанда президенттің Конституцияға өлім жазасын ерекше ауыр қылмыстар үшін қолдануға мүмкіндік беретін түзетулер енгізу жөніндегі бастамасын қабылдамай тастады. Сот өлім жазасын қайта енгізу адам құқықтарының негізгі принциптеріне және елдің халықаралық міндеттемелеріне қайшы келетінін растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президент балаларды зорлау және зорлық-зомбылықпен жасалған адам өлтіру үшін өлім жазасына рұқсат беруді ұсынған еді. Конституциялық сот өмір сүру құқығы мен өлім жазасына тыйым салу конституциялық құрылыстың негізгі қағидаттары екенін атап айтты.
Сондай-ақ сот Қырғызстанның халықаралық келісімдер, соның ішінде Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Екінші факультативтік хаттамасы аясында өлім жазасын қолданбауға міндеттелгенін еске салды. Өлім жазасын қайта енгізу бұл міндеттемелерді және адам құқықтарын қорғаудың жүйелі сипатын бұзар еді.
Енді заң жобасы референдумға шығарылмайды, әрі оны қабылдауға қатысты барлық рәсәмдер тоқтатылады.
Өлім жазасын қайтару жөніндегі пікірталасқа себеп болған қайғылы оқиға қыркүйектің соңында Ыстықкөл облысында болған. 17 жастағы Айсұлу 27 қыркүйекте жоғалып, екі күннен кейін оның денесі Боом шатқалынан табылды. Күдікті 41 жастағы Бішкек тұрғыны, ол қызды ұрлап, зорлап өлтіргенін мойындаған. Тергеу дерегінше, қылмыстан кейін ол алдымен денені көлдің маңына көміп, кейін қалдықтарды шатқалға тастаған. Марқұмның туыстары күдіктінің бұған дейін де сексуалдық зорлық ісі бойынша тергеуге алынғанын айтады.
Кейін БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк Қырғызстан билігін өлім жазасын қалпына келтіру әрекеттерінен бас тартуға шақырып, мұның халықаралық құқықтың елеулі бұзылуы екенін айтты.
Қазақстандық көршісін үйіне іздеп барып, оны өлі күйінде тапқан: Ақыр соңында қылмыстағы басты күдіктіге айналды