Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ер адам балаларға ине салынған кәмпит таратқан

Фото: Ленин аудандық ішкі істер басқармасы

Қырғызстанда балаларға ине жасырылған кәмпит таратқан ер адам ұсталды. Оқиға Бішкек қаласындағы "Ақ-Ордо" тұрғын алабында болған. Бірнеше бала алған тәттілердің ішінен ине сынықтары табылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға 28 наурыз күні кешке Бішкек қаласындағы "Ақ-Ордо" тұрғын алабында болған. Ленин аудандық ішкі істер басқармасының мәліметінше, жергілікті тұрғын полицияға шағым түсірген. Әйелдің айтуынша, оның 11 жастағы қызы және басқа да балалар бейтаныс ер адамнан тәттілер алған. Кейін кәмпиттердің ішінен ине сынықтары табылған.

Аталған дерек бойынша Ленин аудандық полиция бөлімшесінің тергеу қызметі қылмыстық іс қозғады. Қазір барлық мән-жайды анықтау үшін қажет сараптамалар тағайындалған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталды. Ол Н.Д есімді азамат болып шыққан. Ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тінту кезінде оның тұрғылықты жерінен кәмпиттер және іске қатысы бар басқа да айғақ заттар тәркіленді. Құқық қорғау органдары ата-аналарға балаларымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұрады. Сондай-ақ бейтаныс адамдардан тамақ немесе қандай да бір заттарды алуға болмайтынын ескертті.



Еске салайық, бұған дейін Түркістан қалалық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне қызылша болуы мүмкін деген диагнозбен 8 айлық сәби жеткізілді. Тексеру барысында жүргізілген рентгенологиялық зерттеу нәтижесінде баланың іш қуысынан бөгде зат, яғни ине анықталған. 

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 01 Сәуір, 2026 10:36