Қырғызстан өлім жазасын қайтаруды қоғамдық талқылауға шығарды
Фото: istockphoto.com
Қырғызстан Президент әкімшілігі балаларды зорлау және зорлаумен ұштасқан кісі өлтіру жағдайларында өлім жазасын енгізу мүмкіндігін көздейтін Конституцияға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Құжатта Конституцияның 25-бабының бірінші бөлігі жаңа редакцияда берілмек. Онда әр адамның өмір сүру құқығы сақталады, бірақ қосымша тармақ енгізіліп, өлім жазасын "тек балаларды зорлау және зорлаумен ұштасқан кісі өлтіру" үшін қолдануға рұқсат беріледі.
Бастамашысы — президент әкімшілігі. Заң жобасы 2010 жылы қабылданған, Қырғызстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің өлім жазасын жоюға бағытталған Екінші факультативтік хаттамаға қосылуы туралы заңның күшін жоюды ұсынады. Сыртқы істер министрлігіне тиісті міндеттемелерден шығу туралы БҰҰ-ға хабарлау тапсырылмақ.
Егер түзетулер референдум арқылы қабылданса, Жогорку Кеңеш Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық және Қылмыстық-атқару кодекстеріне тиісті өзгерістер енгізеді.
Түсіндірме жазбасында заң жобасының мақсаты — "балалар мен әйелдердің өмірі мен денсаулығын қылмыстық қолсұғушылықтан қорғау және сақтау" екені айтылған. Құжатта Бас прокуратура ұсынған статистика келтірілген, онда балалар мен әйелдерге қарсы қылмыстар санының өсуі байқалатыны көрсетілген.
2024 жылы әйелдер мен балаларға қарсы 43 кісі өлтіру фактісі тіркелсе, 2025 жылдың сегіз айында — 28 жағдай болған. 2024 жылы 107 зорлау фактісі анықталып, оның 88-і кәмелетке толмағандарға қатысты болған.
Жобаны әзірлеушілер ресми статистика шынайы жағдайды толық ашпайтынын, көптеген қылмыстар жария болудан қорқып, жасырын қалатынын айтады. Түсіндірме жазбасында "Балалар мен әйелдерге қатысты кез келген зорлық-зомбылық әрекетіне ең қатаң жаза қолданылатын шекараны айқын көрсету уақыты келді" делінген.
Авторлар Бала құқықтары туралы БҰҰ конвенциясына және Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою туралы декларацияға сілтеме жасайды, бірақ Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт "ең ауыр қылмыстар" үшін өлім жазасын қолдануға мүмкіндік беретінін атап өтеді.
Сондықтан бастамашылардың пікірінше, өлім жазасын қайтару ерекше жағдайларда және сот тәртібімен қолданылса, халықаралық нормаларға қайшы келмейді.
Қоғамдық талқылау аяқталғаннан кейін заң жобасы Жогорку Кеңешке жолданып, мақұлданған жағдайда референдумға шығарылады.
Құжатты талқылау koomtalkuu.gov.kg порталында басталды. Бұл бастамама қоғамда үлкен резонанс тудырды. Оның басты себебі —17 жастағы Айсулуу М. есімді қыздың асқан қатыгездікпен өлтірілуі болды. Сарапшылар мен әлеуметтік желі қолданушылары арасында бұл мәселеге қатысты пікірлер екіге бөлінді.
Ел президенті Садыр Жапаров бұл мәселе тек бүкілхалықтық дауыс беру арқылы шешілетінін айтты. Ал құқық қорғаушылар өлім жазасы қылмыскерлерден қорғанудың тиімді тәсілі емес екенін айтып, әйелдер мен балаларды қорғау жүйесінің әлсіз екенін ескертеді. Олар ұлттық деңгейде әйелдер мен балаларды қорғау бағдарламасын әзірлеуді, оның ішінде зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқық қорғау органдары қызметкерлерін оқыту және жәбірленушілерді кешенді қорғау тетіктерін енгізуді ұсынады.

"Қанды Қаңтар" алдында газ бағасын көтеруді қолдаған мұнай сарапшысы тағы сынға қалды: Енді жолақыны қымбаттатуды ұсынды
