Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қырғызстан Қазақстан мен Өзбекстанға су жеткізіп, орнына электр энергиясын алады

Қырғызстан Қазақстан мен Өзбекстанға су жеткізіп, орнына электр энергиясын аладыФото: Энергетика министрлігі

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан су-энергетикалық ынтымақтастық параметрлері мен өзара қолдау туралы келісімге келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алматыда Қазақстан энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің төрағалығымен үш елдің су-энергетика ведомстволары басшыларының отырысы өтті.

Тараптар су-энергетикалық ынтымақтастықты әрі қарай дамыту параметрлері бойынша келісімге келді. Тоқтағұл су қоймасындағы күрделі жағдайды ескере отырып, қатысушылар бір-біріне өзара электр энергиясын жеткізу арқылы қолдау көрсетуге және алдағы жылыту маусымын, сондай-ақ келер вегетациялық кезеңге дайындықты үйлестіруге уағдаласты.

“Қазақстан мен Өзбекстан күз-қыс мезгілінде Қырғызстанға электр энергиясын жеткізуге дайын екенін растады. Бұл қырғыз тарапына қыс кезінде электр энергиясын өндіру көлемін азайтып, Тоқтағұл су қоймасында су жинауға мүмкіндік береді. Жиналған су көлемі вегетация кезеңінде Қазақстан мен Өзбекстанға бағытталып, оңтүстік өңірлердің ауыл шаруашылығы алқаптарын тұрақты суарумен қамтамасыз етеді”, – деп мәлімдеді Энергетика министрлігі.

Сонымен қатар, өңірде тұтынуды азайту және энергия үнемдеу бойынша бірлескен шаралар қабылдау туралы келісімге қол жеткізілді.

Келіссөздерге қатысушылар жұмыстың достық және өзара түсіністік рухында жүргізіліп жатқанын, оның бүкіл Орталық Азиядағы энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Өзбекстан тарапы сондай-ақ энергия жүйесінің транзиті, жеткізілімдері және теңгерімін техникалық қамтамасыз етуге дайын екенін білдірді.

Отырыс қорытындысы бойынша 2025–2026 жылдардағы қысқы электр энергиясы жеткізілімдерінің көлемін және 2026 жылғы вегетациялық кезеңге су жинауды құқықтық тұрғыдан бекітетін үшжақты хаттамаға қол қойылды.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 23 Қараша, 2025 14:57
Талқылау