Қырғыздар мен қазақтарға тіл тигізген: Танымал боксшының бұрынғы әйеліне ұлтаралық араздықты қоздырды деген айып тағылды
Фото: youtube.com/@s.sulyanova
Танымал боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелі Екатерина Биволға ұлтаралық араздықты қоздырды деген айып тағылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Екатерина Бивол Instagram желісінде түрлі ұлт өкілдеріне, оның ішінде қырғыздар мен қазақтарға қатысты қорлайтын сөздер айтып, видео жариялаған. Қазір әйелдің желідегі парақшасы жоғалып кеткен. Алайда видеоларды сақтап үлгерген желі қолданушылары жазбаларды таратып, әйелді жауапқа тартуды талап етуде.
Қырғызстанның ішкі істер министрлігі аталған жағдайға қатысты мәлімдеме жасады.
“Автокөлікті басқару кезінде әйелдің әртүрлі ұлт өкілдеріне қорлайтын сөздер айтқан видеосының интернетте таралуына байланысты, мұндай әрекеттердің ұлттар арасындағы құрмет пен төзімділік қағидаларына қайшы келетінін мәлімдейміз. Тұратын жеріне қарамастан, әрбір адам моральдық және құқықтық нормаларды сақтауға, дұшпандық пен араздық тудырмауға міндетті. Қазір аталған факт тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды”, – делінген мәлімдемеде.
Айта кетейік, танымал боксшы Дмитрий Бивол 2023 жылдың жазында әйелі Екатеринамен ажырасатынын мәлімдеген еді.
Екатерина Бивол мен анасы адамдарды қорлағаны үшін бұған дейін де жауапкершілік тартылғаны белгілі болды. Ресей прокуратурасы әйелдің үстінен әкімшілік іс қозғап, сот ескерту түрінде жаза тағайындаған.

Жинағыңызды алтынмен сақтау тиімді ме – Сарапшылар бағалы металдың грамы 100 мың теңгеге жететінін болжады
