Қырғыз музыкантын азаптау ісі: Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары үш жылға сотталды
2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы облысы Қошмамбет ауылындағы азаптау дерегі бойынша 6 полиция қызметкері сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж Stan.kz
Бұл туралы сот залынан журналист Данияр Молдабеков мәлімдеді.
Сотталғандар арасында Алматы қалалық полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Берік Әбілбеков те бар.
"Серік Тұрпанбаев пен Бауыржан Сопақовқа прокурордың сұрағанындай үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Нұрсұлтан Хамитовқа да үш жыл берілді. Арман Шойбеков – үш жыл. Олжас Айдарханов – үш жыл. Алматы қалалық ПД бастығының бұрынғы орынбасары Берік Әбілбеков те үш жылға бас бостандығынан айырылды", – делінген журналист жазбасында.
Айта кетейік, осы іс бойынша жәбірленушілердің арасында қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов та бар.
2022 жылдың 9 қаңтарында Qazaqstan телеарнасы Қырғызстан азаматының Алматыдағы қаңтар оқиғасына қатысқаны туралы бейнеролик жариялады. Сюжетте қырғыз азаматы Алматыдағы митингіге қатысқаны үшін 90 мың теңге ұсынылғанын, ол келісімін бергенін айтады. Кейінірек видеодағы азаматтың музыкант Викрам Рузахунов екені белгілі болды. Бұл оқиға дипломатиялық жанжалға ұласты. Қырғызстан музыканттың ұсталуына байланысты Қазақстанға наразылық нотасын жолдады. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қазақстандағы тәртіпсіздіктерге қатыспаған өз елінің азаматтарын қорғайтынын айтты.
Кейін музыкант Қазақстандағы қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптау ісі бойынша жәбірленуші болып танылды. Рузахунов тергеу әрекеттеріне қатысып, өзін азаптаған оннан астам полиция қызметкерін анықтады.
Жәбірленушілердің адвокаттары сотталушыларға тым жеңіл жаза берілгенін айтып, үкіммен келіспейтіндерін білдірді.
Сотта Қошмамбет ауылындағы мекемеде азапталған 23 Өзбекстан азаматының мүддесін қорғап жүрген адвокат Айна Шорманбаева сот үкімімен келіспейтінін айтты. Сондай-ақ ол жәбірленуші деп танылғандардың жалпы санымен де келіспейді. Бұл іс бойынша 44 жәбірленуші бар, бірақ 98 адам болуы керек.
"Тергеу жан-жақты, объективті, уақтылы және толық болуы керек еді. Барлық стандарттар бұзылып, іс сотқа шикі күйінде жетті деп есептейміз. Барлық мән-жайлар нақтыланған жоқ. Айыпталушылардың барлығының аты-жөні анықталған жоқ. Азаптау құрбандарының барлығы жәбірленуші деп танылған жоқ", – дейді Айна Шорманбаева.
Адвокат үкімге барлық бөліктер бойынша шағым түсіретіндерін айтты.
Іс бойынша тағы бір жәбірленуші Викрам Рузахуновтың адвокаты Елена Жигаленок та сот үкімімен келіспейтінін, істің мүлде басқа бап бойынша қаралғанын айтады.
Еске салсақ, бұған дейін Жоғарғы сот Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан жігіттің отбасынан кешірім сұрағаны туралы жазған едік.