Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қырғыз күресіндегі жанжал: Олимпиада жүлдегерінің әкесі бапкердің кәсібилігіне күмән келтіруде

Фото:Kadir Caliskan - United World Wrestling/United World Wrestling via Getty Images

Қырғызстанның даңқты балуаны, екі дүркін Олимпиада ойындарының жүлдегері Ақжол Махмудовтың әкесі Мұхамед Махмудов ұлттық құраманың жаңа бас бапкері Ұлықбек Қарашолақовтың біліктілігіне күмән келтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желіде жарияланған жазбасында Мұхамед Махмудов Қарашолақовтың спортзалда бапкер ретінде тәжірибесі жоқтығын атап өтті.

Оның айтуынша, жаңа бапкер бұған дейін тек жылқы бағумен айналысып, бапкерлік қызметте жұмыс істемеген.

   “Ол ешқашан спорт залында бапкер болып жұмыс істеген маман емес. Құрамадан кеткен соң да еш жерде бапкер ретінде еңбек етпеді. Менің білуімше, ол жылқы бағумен айналысқан. Жылқы ұстауға және шабандоздыққа бейімі бар адам. Ал жылқы бағып жүрген адам қалайша ұлттық құраманың бас бапкері бола алады?” – деді Мұхамед Махмудов.

Сондай-ақ, ол Сербияның Нови-Сад қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Қырғызстан құрамасы бірде-бір медаль жеңіп ала алмағанына тоқталды. Мұхамед Махмудовтың пікірінше, бұл ұлттық құраманың қазіргі ахуалы мен басшылық шешімдерінің сәтсіздігін көрсетеді.

    "Бұл – командаға шынымен тәжірибелі, нәтижелі бапкер қажет екенін дәлелдейтін айқын мысал", – деді ол.

Айта кетейік, 2017–2024 жылдар аралығында Қырғызстан құрамасын екі Олимпиадаға апарған бапкер Азат Эркинбаев биылдан бастап Мысыр құрамасымен келісімшартқа отырып, сол елдің спортшыларын баптайды.

Естеріңізге салсақ, Ақжол Махмудов 2022 және 2023 жылдары әлем чемпионы, 2022 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы және үш дүркін Азия чемпионы атанды.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 05 Қараша, 2025 12:48
Талқылау