"Кінәсізбін, адал адаммын": Венесуэла президенті сот алдында жауап берді
Фото: GLOBAL LOOK PRESS
Венесуэла презеденті Николас Мадуро Нью-Йорктегі сот залына кіре сала өзін ұрлап кеткенін айтты. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
92 жастағы судья Элвин Хеллерштейн сот отырысын бастау үшін Мадуродан жеке басын растауды сұрады.
“Мырза, мен – Николас Мадуромын. Мен – Венесуэла Республикасының президентімін және мені 3 қаңтар күні ұрлап әкетті. Мені Венесуэланың Каракас қаласындағы өз үйімнен алып кетті”, – деді ол сотта испан тілінде сабырлы түрде. Кейін оның сөзін аудармашы тәржімалады.
Осы кезде судья Мадуроның сөзін бөліп, бұл мәселелердің бәрін талқылауға уақыт келетінін және қазір мұның орынсыз екенін айтты.
Дүйсенбі күні түстен кейін өткен 40 минутқа созылған сот отырысы кезінде Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымына қатысты тағылған айыптарды мойындамады.
“Кінәсізбін, мен – адал адаммын", – деді Мадуро. Флорес те өзіне тағылған айыптарды мойындаудан бас тартты.
63 жастағы Мадуро мен оның жұбайы сенбі күні үйінде америкалық арнайы жасақпен ұсталғаннан кейін Нью-Йорктегі түрмеге жеткізілген еді.
Операция барысында Венесуэла аумағындағы әскери нысандарға соққылар жасалғаны, сондай-ақ 32 кубалық азаматтың қаза тапқаны белгілі болды. Көк және қызғылт сары түсті түрме киімін киген Мадуро мен жұбайының құлақтарында аударманы есту үшін құлаққап болды, ал екеуінің ортасында адвокат отырды.
Мадуро сот отырысы кезінде қойын дәптеріне әлдене жазып отырды. Ол сот аяқталғаннан кейін судьядан дәптерді “өзімде қалдыруға бола ма” деп сұрады.
Сот отырысы федералдық сот залында өтті. Онда бірнеше ай бұрын Шон “Дидди” Комбс сотталған еді. Ол қазір Бруклиндегі түрмеде жазасын өтеп жатыр. Мадуро бүкіл сот бойы, тіпті залда отырған ер адам кенеттен Мадуроның “қылмыстары үшін жазасын тартатынын” айқайлап айтқан сәтте де, сабырлы әрі ұстамды болды.
“Мен – президентпін және соғыс тұтқынымын”, – деп айқайлады ол залдағы ер адамға испан тілінде. Осыдан кейін көз жасына ерік берген ер адамды залдан алып шықты.
Келесі сот отырысы 17 наурызға белгіленді.
"Әлемде мейірім барына сендіретін жандар": 2025 жылғы жан жылытар әрекеттер мен халықты тәнті еткен қазақстандықтар