"Қиналып кеттім деп көп айтатын": Маңғыстау облысындағы 20 жастағы сарбаздың өліміне қатысты туыстары мәлімдеме жасады
Еркебұлан Сағындық. Жеке архивтен. Информбюро сюжетінен скриншот
Маңғыстау облысындағы Үстірт шекара қызметінде борышын өтеп жүрген 20 жастағы Еркебұлан Сағындық көз жұмды. Әскери бөлімдегілер туыстарына сарбаздың жанармайға уланып қайтыс болғанын айтқан. Бірақ қара жамылған отбасы әскери қызметкерлердің сөзіне сенбейді. Себебі Еркебұлан қатты қиналып жүргенін айтып, жиі ақша сұраған екен. Бұл туралы Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шекара қызметінде тағы бір сарбаздың табыты туған жеріне кетті. Бес айдан кейін ұлымыз үйге аман-есен оралады деп күтіп отырған бүтін бір әулет қара жамылды. Қайғыдан қан жұтқан отбасыға өздерін қолға алу қиын.
Туыстарына Еркебұлан Сағындық генератор жөндеу кезінде бензин иісіне уланып көз жұмды деген хабар келген. Ал анасы ұлымның өліміне әскери қызметкерлердің қатысы бар деп күдіктенеді. Өйткені сарбаз бір апта бұрын ғана хабарласып, қиналып жүргенін айтыпты. Тіпті басқа әскери бөлімге ауыстырыңдаршы деп өтінген екен.
“Суббота күні сөйлескенде, “мама басқа бөлімге ауысуға мүмкіндік бар ма” деді. Таныс жоқ па деді. Ойбу, жаным ненің танысы дедім. Тыныштық па 5 ай қалғанда деп едім. Әй жақсы, мама деді. Спортсмен, дені сау бала ғой. Білмеймін, миым жетпейді. Бензиннен уланды дейді. Ол қалай уланады? Түсінбеймін мен”, – дейді марқұмның анасы Гүлназ Жұмабаева.
20 жастағы жігіт бар сырын үйленемін деп жүрген қызына жазып отырған. Ғашығына Маңғыстаудағы әскери бөлімге келгеніне өкінетінін, мұнда сарбаздарға мүлдем жағдай жасалмағанын айтқан екен. Бойжеткеннің телефонында Еркебұлан Сағындықтың 15-20 мың теңге көлемінде жиі ақша сұраған хаттары да әлі сақтаулы. Тіпті бұзылған қозғалтқышты жөндетуге де қаражат аударғанмын дейді Ақниет Мұқан.
“Қорқытты ма білмеймін, сол кезде моторды істетуіміз керек деді. Менде жазған хаттары да бар әлі. Тез-тез ақша табылды ма, не қылды деп жаза беретін еді. Үстіртке қалай түсті, бұл айдаладағы жер ғой. Ақтаудың ар жағында 5-6 сағаттық жер. Дүкен де жоқ. Менен 10-15 мың, бір рет 18-20 мыңдап ақша сұрайтын еді. Қиналып кеттім деп көп айта беретін”, – дейді Ақниет.
Ал ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды деп қысқа ғана ақпарат таратты. Мән-жайды ашып айтпады.
“Алдын ала мәлімет бойынша, қасіреттің себебі – техникалық жұмыстар кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамау. Полиция органдары қылмыстық іс қозғады, қосымша қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр”, – дейді ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметі.
Әкесінен ерте айырылған Еркебұлан Сағындық – үйдің кенжесі. Медициналық колледжде оқыған жігіт әскерден орала сала үйленуді жоспарлаған екен. Алайда арманы сол күйі орындалмады. Марқұмның туыстары тергеу әділ өтіп, кінәлілер жазасын алсын деп отыр.
Айта кетейік, бұл – бір аптада шекара қызметінде болған екінші сарбаз өлімі. 5 қазанда Алматыдағы әскери бөлімде борышын өтеп жүрген 18 жастағы жауынгер де қыршыннан қиылған еді.

"Арнайы тізім жасалуда": Президент тапсырмасынан соң Қазақстанда кімдердің жәрдемақысы қысқартылады
