Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Полиция қазақстандықтардан сапарға кететіні туралы таныстарына айтпауды сұрады

Алматы полицейлері қазақстандықтардан демалысқа кететіні туралы әлеуметтік желіге жазбауды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik.com

Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, бұл ақпаратты қылмыскерлер кері мақсатта пайдаланады.

"Қылмыскерлер әлеуметтік желілерді үнемі бақылауда ұстайды. Олар әлеуметтік желілерді жақсы түсінеді, кімнің парақшасын бақылау керегін де біледі. Мысалы, БАҚ өкілі немесе қоғам қайраткері: “Біз 10 күнге Таиландқа демалысқа кетеміз", деп жазса, бұл іс жүзінде қылмыскерге үйде ешкім жоқ, кілт төсеніш астында, сейф шкафта деп айтқанмен бірдей. Біз үнемі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуіміз керек", – деді Салтанат Әзірбек.

Сондай-ақ пәтер кілтін көршілерге қалдыру жақсы идея емес екенін мәлімдеді. 



"Гүлдеріңізді суарып, үй жануарларын тамақтандыру үшін өз үйіңіздің кілтін көршілеріңізге ешбір жағдайда қалдырмаңыз. Үнемі қырағы болыңыз! Егер пәтеріңіз төменгі қабатта болса, терезелерді тормен жабдықтау керек. Әсіресе дабыл жүйесі бар пәтерді жалға алуға тырысу керек. Алдын алу шаралары өз мүлкіңізді қорғауға көмектеседі. Әлеуметтік желілерді ешқашан хабарландыру тақтасы ретінде пайдаланбаңыз", – деді ол. 

Ресми өкілдің айтуынша, 31 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында қалада 65 қылмыс тіркелген. Оның басым бөлігі мүліктік және тұрмыстық сипатта болған.

“Оның ішінде 42 қылмыс "ізін суытпай" ашылды. Сондай-ақ мереке күндерінде 200-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, жолы кесілді. Жалпы Алматыда жаңа жылдық мерекелер тыныш өтті. Қалада мереке күндері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін 3 мыңнан астам полиция қызметкері жұмыс істеді. Қызметтер мен бөлімшелердің жеке құрамы күшейтілген кезекшілік режиміне ауыстырылды”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімі Санжар Алин Людмила Сеңгірбаева есімді әйелді өз әмиянын ұрлады деп айыптағаны туралы жазған едік. 

 

Талқылау