Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қылмыскерлердің лас ақшасы керек емес": Қаржаубай Нұрымов сотталғандардан алынатын өтемақыны балалар үйіне аударады

Фото: Видеодан скрин

Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов сотталғандардан алынған өтемақыны балалар үйіне аударатын болды. Мұны адвокат Мейірман Шекеев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Шекеевтің айтуынша, Қаржаубай Нұрымов басынан қандай да бір өтемақы алудан бас тартқан. Ол "ұстанымы қылмыстық жолмен келген ақшаны алмау" екенін түсіндірген.

“Жалпы, Қаржаубай – көп сөйлемейтін, бірақ өте шыншыл адам. Оны осы қасиеті үшін қатты құрметтеймін. Алғаш кездескенімізде ол "маған қылмыскерлердің түрмеге қамалуы маңызды емес. Тек олар ұлымды қараламасын. Ең бастысы Шерзатты ешкім жамандамасын" деген еді”, – деді адвокат.

Мейірман Шекеевтің айтуынша, Шерзат Полаттың отбасы әлеуметтік желілерде ешқандай қаржылай көмек сұрамаған. Ал Қаржаубай Нұрымов өтемақы талап етуді өзі қаламаған. Дегенмен адвокаттың айтуынша, азаматтық талап арыз беруге қажеттілік болған.



“Қаржаубай олардан бір тиын да сұрағысы келмеді. "Маған қылмыскерлердің лас ақшасы керек емес" деді. Азаматтық талап арыз берудің маңызын түсіндірдік. Шартты мерзім болмас үшін моралдық ақыны өтеу талабын қою керек екенін айтқанда ғана келісті. Оның өзінде "егер өтемақы алсам, ол ақшаны балалар үйіне беремін" деген еді”, – деп қосты Шекеев.

Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Алайда үйді өртеген күдіктілер әлі күнге табылған жоқ. Шерзат Полаттың отбасына сотталушылар 285 миллион теңгеден аса моралдық өтемақы төлеуге міндеттелді

STAN.KZ
Бейсенбі, 12 Маусым, 2025 16:37
Талқылау