"Қылмыскер де, ұры да емеспін": Тұрлыхановтың ұлы өзін бас бостандығынан айырмауды сұрады
Алматыдағы Медеу аудандық №2 сотында мәжіліс депутаты Даулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болатқа қатысты іс қаралып жатыр. Сот отырысында Болат жасаған әрекетіне өкінетінін және неліктен түнде шығуға мәжбүр болғанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеодан скринделген
Мәліметтерге сенсек, ол пробациялық бақылауды бұзғаны үшін сотталған еді. Жазаны бас бостандығын шектеуден бас бостандығынан айыруға ауыстыру мәселесін шешу үшін сотқа Алматы қаласы қылмыстық іздестіру басқармасынан материалдар келіп түсті.
Сотта экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісінен кейін белгілі адвокат Назкен Құсаинова Нұрасыл Болаттың қорғаушысы болған. Сот отырысы кезінде адвокат айыпталушыға қатысты сот процесін жабық режімде, БАҚ-тың қатысуынсыз өткізуді сұрады.
"Бұрын пробациялық бақылауда болмаған жігіт үшін бұл жағдай психикасына ауыр әсер етті. Браслеттің үнемі қосылып тұруы, инспекторлармен тұрақты байланыс. 5 ай бойы менің қорғауымдағы адам Медеу ауданының пробация қызметінің үлкен қысымында болды. Бұл Нұрасыл Болатқа шыдамсыздық тудырды. Абақтыда отырғызу оның бойындағы кемшіліктерді түзететініне сенбеймін. Біз бар-жоғы 21 жастағы дені дұрыс жігітті жоғалтып аламыз", – деді адвокат Назкен Құсаинова.
Адвокат соттан депутаттың ұлын бас бостандығынан айырмауды сұрады. Талқылауда жігіттің пробациясыз уақытта үйінен тыс екі мекенжайда болғаны айтылды.
Нұрасыл Болат 11 қазанда сағат 19:07-ден 21:45-ке дейін Достық даңғылы, 52 мекенжайында орналасқан Elegant Hall мейрамханасында блогер Арай Ысқақованың туған күнін атап өтті. Ал 12 қазанда сағат 04:15 пен 04:59 аралығында Queen Karaoke-де байқап қалған.
Соңғы фактіге қатысты Нұрасыл досының көлігінен электронды білезік үшін зарядтағыш салынған әмиянды алу керек деп түсіндірді.
"Ешкім маған зарядтағыш әкеле алмады. Сондықтан мен әмиянды өзімнің алуыма тура келді. Мен караокеге барған жоқпын, мен шорт пен тәпішке кидім. Қылмыскер де ұры да емеспін. Неліктен қолым кісенделгенін айтқым келеді... Өкінемін. Заң бұзушылық жасадым, бірақ мен барсетканы қайтаруым керек еді", – деп қорытындылады депутаттың ұлы.
Судья Қанат Аринов шешім қабылдау үшін кеңес бөлмесіне кетті. Шешім шығару 22 қазанға жоспарланған.
Еске салайық, ақпан айында заңгер Анна Димитриевич күйеуі Олег Чернов екеуін Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл соққыға жыққанын мәлімдеді. Көп ұзамай оның үстінен ҚР ҚК-ның 293-бабы “Бұзақылық” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алғашында депутаттың ұлы айыппұлмен құтылғанымен, кейін Жоғарғы сот оған бас бостандығын шектеу жазасын берді.
Бұған дейін де желіде мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың бас бостандығы шектелген ұлы Нұрасыл Болаттың түнгі уақытта көшеде жүрген видеосы тараған еді.