Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жігітіне алданып қалған хиджаптағы қыз бірнеше рет баласын алдырмақшы болған

Оранған келіншек алғаш «Ана үйі» табалдырығын аттаған сәттен бастап сол жердегі тұрғындардың назарын өзіне аударған. Ол бірінші келген кезде  ұзын көйлекте, жабық орамалда болған. Оның жағдайы сол үйді уақытша паналаушылар  арасында үлкен қызығушылық тудырды. Бірақ, Мөлдір (кейіпкердің қалауымен есімі өзгертілген) алғашқы бірнеше күнін ешкімге тіс жармаумен өткізді. Бұндағы тұрғындардың барлығына ортақ  болмаса да бірдей мәселе, бір арман  әкесіз баланы ертерек аяққа тұрғызу.

мусульманка

Stan.kz  сайты тілшісіне  бүркеншік атпен сұхбат берген кейіпкеріміздің мақсаты  адамның діні, киімі, ұстанымы оның басындағы мәселесіне  еш әсер етпейтінін түсіндіру. Себебі, «Барлығымыз да адамбыз, пендеміз. Маңдайға жазылғаны болады» дейді ол.

-Мөлдір, мұндай мәселеге қалай тап болдыңыз? Баланың әкесі қайда?

-Мен қазір 28 жастамын. Бұрын тұрмыста болған емеспін. Жігітіммен төрт жыл жүрдім. Енді үйленеміз деген  кезде оның отбасында жағдай болмай қалды. Содан екеуміз ақылдаса отырып ата-анамызға ауыртпашылық салмастан,  өз күшімізбен барлығын жасаймыз деген шешім қабылдадық. Әр мәселеге бір алаңдап жүрген кезде  төрт жыл уақыттың қалай өткенін білмей қалдық. Екеуміз жұмыс істеп жүріп бірге тұрдық. Аяғымның  ауыр  екенін айтқан кезде ол меннен де баладан да бас тартатынын  ашық айтты. Басында сенбей жүрдім. Мүмкін уақытша ренжіп жүрген болар деп ойладым. Ай күнім жақындаған сайын  оның сөздерінің  рас екеніне сене бастадым. Бірнеше мәрте баланы алдыртып тастауды ұсынды. Ақыр соңында айтқанына көніп дәрігерге де бірге бардық. Бірақ, бала өсіп қалыпты, алдыруға болмайтын екен.  Содан осындай орталыққа келуге мәжбүр болдым. Баланың әкесі Семейде қалды.

-Ол  баладан не себепті бас тартатынын  түсіндірді ме?

-Жігітім маған «Сенбеймін. Менің балам емес» деп айтты.

-Жігітіңіз намаз оқиды ма?

-Жоқ. Ол намаз оқымайтын.

– Өзіңіз оранып, намаз оқып дін жолында жүргеннен кейін қалай намаз оқымайтын жігітпен көңіл қостыңыз?

-Мен соңғы үш жылда осылай орамал тағып, ұзын киетін болдым. Бұрындары тек намаз оқитынмын. Ешқандай топқа да, үгіттеушілерге де еш қатысым жоқ, араласпаймын. Намазымды оқып, жабық киініп жүрген кәдімгі қарапайым қызбын. Менің кінәм  ессіз ғашық болғанымда. Жігітіме сеніп қалғанымда. Мен одан керемет той да сұраған емеспін. Аяғым ауыр болғанын білген кезде  жай  ғана үйіне апаруын сұрадым. Бірақ, ол  бас тартты.

-Бірге тұруға шешім қабылдаған кезде мұсылманша  некелеріңізді қидыңыздар ма?

-Жоқ. Жігітім ата-анасының үйіне апарған кезде бір-ақ заңды түрде әрі діни тұрғыда  бірден некелесеміз деген еді.

– Ата-анаңыз қазір осындай «Ана үйін» паналап жүргеніңізді біледі ме?

-Жоқ ешкімге айтқан жоқпын. Мамама жұмыстамын деп жүрмін. Тіпті қаладан кетіп қалғанымды да білмейді. Әпкелеріме де ештеңе айта алмадым. Уақытым жетіп отыр, босансам осында тұраберемін. Баламды қолыма алғаннан кейін, есімді жиып барып бір шешім қабылдайтын шығармын. Қазірге  ешқандай жоспарым да жоқ.

-Баланың әкесімен сөйлесіп тұрасыз ба? Іздеп келіп жатса қайта қосыласыз ба?

-Менімен сөйлеспейді. Телефон номерін ауыстырып тастаған. Соңғы мәрте сөйлескенімізде «Іздеме, туыстарыма да барушы болма» деген. Содан хабарсызбын. Ол менің осындай орталықты паналап жүргенімді де білмейтін шығар. Ата-анам жағдайды естімей тұрып түсінісіп жатсақ қайта қосылатын шығармын. Егер бәрі білгеннен кейін баласы мен мені іздесе онда «жоқ» дер едім оған.

-Сіз қазір менің алдымда орамалсыз отырсыз. Бұдан былай орануды қойғаныңыз ба?

-Жоқ әрине. Бұл жерде жүргендердің барлығы әйелдер болғандықтан мен ашық киініп жүрмін. Қазірдің өзінде көшеге шықсам жабық киінемін. Орамалымды тағамын. Менің айтқым келетіні, киімде тұрған ештеңе жоқ. Мен осында жүрген өзгелер сияқты қарапайым адаммын. Сондықтан да, қателестім, шалыс бастым…Дегенмен қазіргі қайғым негізінде үлкен қуаныштың бастауы екеніне сенемін. Ендігі ойым баламды дұрыс өсіру. Ажырасқан  кісілер болса да бір теңімді табатын шығармын. Ол маған маңызды емес. Тек баламның денсаулығы жақсы болып дүниеге келсе екен.

 

 

 

 

 

Талқылау