Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кезінде сіздерге көмектестік, енді сіздердің кезектеріңіз келді – Тоқаев елдегі банктер туралы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қаңтарда үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі екінші деңгейлі банктердің қызметін сынап, елге көмек көрсететін уақыт келгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

банк сток

Фото: pixabay.com

Тоқаев банктердің ақшасын экономикалық айналымға қосу үшін мемлекет бөлетін қаражатты кезең-кезеңімен несие мөлшерлемесін субсидиялауға қарай бағыттау керек деді.

“Екінші деңгейдегі банктердің ресурстарын үкіметтік бағдарламаларға, атап айтқанда, ірі инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы мен жаңғырту жұмысына тартуға болады және тарту керек деген мәселе көп айтылды. Мемлекет бөлетін қаражатты кезең-кезеңімен несие мөлшерлемесін субсидиялауға қарай бағыттау керек. Бұл қаржыландыру көлемін бірнеше есе ұлғайтып, банктердің ақшасын экономикалық айналымға қосуға мүмкіндік береді. 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін бірқатар ірі банкке мемлекет тарапынан, соның ішінде Ұлттық қор есебінен 15 жыл мерзімге қаржылай қолдау көрсетілгенін білесіздер. Бұл көмек банк акционерлері де ортақ жауапкершілікке ие болады деген талаппен берілді”, – деп мәлімдеді президент. 

Тоқаевтың айтуынша, кейбір банктер өз шығынын әлдеқашан өтеген. Бірақ мемлекеттің иелігіндегі қаржыны қайтаруға асықпайды.

“Тіпті оны жоғары пайызбен тәуекелі аз мемлекеттік қаржы құралдарына салып, кепілді табыс тауып отыр. Үкімет пен Ұлттық банкке шара қабылдауды тапсырамын. Бір нәрсені атап өткім келеді: банктер үкіметтің, соның ішінде халықтың жауы емес. Бірақ диалог негізіндегі әділ серіктестік орнауға тиіс. Кезінде сіздерге көмектестік, енді сіздердің кезектеріңіз келді", – деп банктерді сынға алды ол. 

Еске салайық, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов жанармай мен газ бағасын көтеру қажет екенін айтқан еді. 

Талқылау