Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кез келген бастамаға қарсы шығатын адамдардың жетегінде кетпеу керек": Президент елімізде туризм саласының артта қалып жатқанын айтып ашуланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде туризм экономикасы артта қалып, жұмыс мардымсыз жүріп жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Оrtcom.kz

"Келесі кезек күттірмейтін мәселе. Туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажет. Бұл бағытта біз артта қалып барамыз, жұмыс мардымсыз жүріп жатыр. Еліміздің әр аймағында көрікті жерлер бар. Шетелден және ел ішінен келген туристер біздің қайталанбас қорықтарымызды аралап көргісі келеді. Бірақ белсенді және ауқымды туризмді дамыту үшін жағдайымыз жеткілікті емес. Сондықтан жеке инвесторларды да тарта отырып, қажет инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет", – деді Тоқаев.

Туризм саласының инвестициялық әлеуетін күшейтуге арналған кез келген бастамаға қарсы шығатын адамдардың жетегінде кетпеу керек деді ел президенті. Осы ретте Тоқаев Маңғыстауда әйгілі Бозжыраға байланысты қандай жағдай болғанын еске салды.

"Үкімет пен жергілікті мекеме өкілдері іскерлік ахуалды жақсарту үшін неғұрлым батыл шаралар қабылдауға тиіс. Мен экономикаға инвестиция тарту мәселесін бекерден-бекер басты орынға қойып отырған жоқпын. Мұның да стратегиялық маңызы зор. Экономикамыздың болашағы мен еліміздің әлем картасындағы орны, ең алдымен, осыған байланысты", – деп түйіндеді президент.

Қазақстандағы Ұлыбритания елшісі Бозжыра шатқалын Голливуд фильмдерінің декорациясына теңеді


Еске салайық, бұған дейін 2022 жылы Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалының маңынан салынады деп жоспарланған қонақүй бойынша да халықтың пікірі екіге бөлінген. Бірі жабайы туризмге шектеу қойып, нысанның салынуын қолдаса, бірі Бозжыраның табиғатына нұқсан келуі мүмкін дейді. Жобаның құны 38 миллиард теңгені құрайды. Ал инвесторлар қонақүй салынса 200 тұрақты жұмыс орны ашылады деп отыр. 

Талқылау