Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кейбір қазақстандықтарға тұрмыстық техниканы бөліп төлеуге тыйым салынады

Қазақстанда тұтынушылық несие беруге шектеу енгізіледі: Кімдер несие ала алмайдыФото: istockphoto.com

Халықтың несие жүктемесін азайту үшін банктерге қарыз беру талаптарын қатаңдату енгізіледі. Енді кейбір қазақстандықтарға тұтушылық, бөліп төлеуге несие берілмейді.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Осы орайда сарапшылар пікір білдірді.

"Банктер бұрын несие бергенде қарыз алушының өзі көрсеткен қосымша табысын есепке алып, несие бере беретін. Енді жаңа талаптар бойынша қағаз жүзіндегі табыстар салықтық төлемдер мен зейнетақы аударымдары бойынша тексеріледі. Бұндай тексеру тұтынушылық несиелендіру саласындағы қарқынды төмендетеді. Несие беру саны төмендейді.Ресми жалақы алатын қызметкерлерге несие мақұлданса, өзін-өзі жұмыспен қамтитындар мен бейресми жұмыс істейтіндерге берілмейді.

Тұтынушылық несие туралы айтатын болсақ, әсіресе бөліп төлеуге несие беру қысқартылады. Ал ипотека мен автонесиелендіруге қатысты несие бермеу жағдайы аз болады. Өйткені, оларда бұрыннан тексеру талаптары қатал. Бірінші кезекте, кепілсіз несиелер азаяды. 
Әрине, бұл жерде шектеу шараларын сақтықпен қабылдаған жөн.Өйткені халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған бөлігі бірінші қажеттілік тауарларын осы несиелерге алады. Сондықтан, шектеулер олардың мүмкіндігін азайтады. Бәріміз тұрмыстық техниканы табысты растауды қажет етпейтін бөлеп төлеуге алып үйреніп қалдық, осыны ала алмай қалуы мүмкін. Бұл табысы аз, өзіне-өзі жұмыс істейтін немесе бейресми жұмыс істейтіндерге қатысты. Олардың саны екі миллионнан асады", -дейді Halyk Finance сараптамалық орталығының басшысы Мадина Кабжалялова.

R-Finance қаржы кеңесшісі, экономист Арман Байғанов несие беру талаптарын қатаңдатуға сақтықпен барған абзал, әйтпесе халықтың тұрмыстық жағдайы қиындауы мүмкін дейді.

“Несие беру талаптарын қатаңдату көптеген компанияларға, микроқаржылық секторға әсер етеді.Микроқаржылық сектордың негізгі клиенттері өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер. Екі миллионнан астам осы адамдардың кәсібін банктер қаржыландырмайды. Олар табысын жанама жолмен ғана растай алады. Кәсіпкер ретінде тіркелмеген, бірақ жеке тұлға болып табыс тауып отырғандарға несие берілмейді. Өткен жылы екінші деңгейлі банктер 22 трлн теңгне несие берсе, соның 60%-тен астамын осы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар алған, шағын және орта бизнеске тек 19% берілген. Әрине, кәсіпкерлерге басымдық беру керек, десе де жеке тұлғаларға да мүмкіндік берілуі тиіс. Егер адам кәсіпкерлік қызметпен айналысса, табысын растай алатындай қылу керек. Бәрінде бірдей зейнетақы жинағы бола бермейді. Дегенмен, табысын растауға мүмкіндік беру керек. Тым қатаң шаралар халықтың тұрмыстық жағдайын төмендетеді”, – дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда тұтынушылық несие беруге шектеу енгізілетіні хабарланды.

Айнұр Мұхади
Жұма, 26 Қыркүйек, 2025 16:47
Талқылау