Кейбір қазақстандықтар азық-түлікті арзандатылған бағамен сатып ала алады – Ол үшін не істеу керек?
Фото: freepik.com
Қазақстанда азық-түлік ваучерлерін (жеңілдікпен алуға мүмкіндік беретін талон) беру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Ол әуелі Ақмола облысы Ақкөл қаласын қамтымақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сауда, еңбек, ауыл шаруашылығы және цифрландыру министрліктері бірлескен бұйрыққа қол қойды. Енді мұқтаж азаматтар, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар "Әлеуметтік әмиян" қызметі арқылы азық-түлікті арзандатылған бағамен сатып ала алады. Ол үшін азматтарға арнайы жолдамалар беріледі.
Ол қалай жұмыс істейді:
- Атаулы әлеуметтік көмек алатын әрбір отбасы мүшесіне ваучерлер беріледі;
- азық-түлікті сауда үстемесін қоспағанда, төмендетілген бағамен сатып алуға болады;
- Ваучер алған қазақстандықтар оны өздері белсендіруі керек;
- Бір айдан кейін ваучерді белсендіру мүмкін болмайды;
- Сатып алу үшін "Әлеуметтік әмияндағы" QR-кодты сатушыға көрсету қажет.
Пилоттық жоба Ақкөлде биыл 26 қыркүйекке дейін жұмыс істейді. Бұйрық мәтінімен Нормативтік құқықтық актілер Эталондық бақылау банкінің интернет-ресурсында танысуға болады.
Атаулы әлеуметтік көмек мемлекет тарапынан берілетін ақшалай жәрдем. Ол табыс деңгейі кедейлік шегінен төмен отбасыларға және жалғыз тұратын азаматтарға тағайындалады. Өтініш берілген кезде барлық деректер электрондық үкімет арқылы автоматты түрде сұралады. Оған:
- азаматтық мәртебесі;
- тіркеу мекенжайы;
- көлік, үй, депозит, несие, жалақы немесе кәсіптен түскен табыс;
- банктік карталар арқылы жүргізілген шығындар да кіреді.
Бұл жүйе аз қамтылған азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда азық-түлік күннен күнге қымбаттап жатқаны туралы жазған едік.

“Газ плитасы, күннен қуат алатын панельдер алып дайындаламыз”: Алакөлде шатырда қонып жүрген қазақстандық отбасы жабайы демалысты дәстүрге айналдырған
