Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кеуде және бел омыртқалары сынған: Талдықорғанда бес жасар қыз Еуразиялық банкте баспалдақтан құлап кеткен (видео)

Баспалдақтан құлаған қызФото: коллаж/instagram.com/halyk_zhurnalist.kz

Еуразиялық банктің Талдықорғандағы бөлімшесінде бес жасар қыз баспалдақтан құлап кетіп, омыртқасынан ауыр жарақат алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі журналист Сандуғаш Дүйсенованың Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл жайт 12 маусым күні болған. Анасының айтуынша, ол банкке қызымен бірге қаржылық операция жүргізу үшін барған. Анасын күтіп тұрған қыз баспалдақ жаққа барып, құлап кеткен. Әйел қоршаулар арасы тым кең болғанын, бұл қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмеуі мүмкін екенін айтады.

Салдарынан бала Талдықорғандағы облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оған кеуде және бел омыртқалары сынған деген диагноз қойған.

Анасының айтуынша, оқиғадан кейін банк оларға керует қана алып берген.

Halyqstan тілшісінің анықтауынша, банктің бұл бөлімшесін Жетісу облысы әкімінің орынбасары Мәрлен Көлбаевтың інісі Мадияр Көлбаев басқарады. Мәрлен Көлбаев өңірдегі денсаулық сақтау саласын қадағалайды.

"Қыз түскен аурухана қызметкерлерінің оқиғаны полицияға хабарламауының себебі осыда болар? Қайғылы оқиғадан кейін баспалдақтың қауіпсіздігін неге ешкім тексермеді? Қоғамдық орындардағы мұндай құрылымдарға кім жауапты?", – деп жазады журналист Сандуғаш Дүйсенова.

Оқыс жағдайға қатысты Еуразиялық банк түсініктеме берді. Банк өкілінің айтуынша, оқиға бала қараусыз қалған сәтте болған.

"Бала өз бетінше қызмет көрсету аймағынан қызметтік аумаққа, яғни баспалдаққа жүгіріп шыққан. Салдарынан жарақат алды. Банк бөлімшелері ересектердің қарауынсыз балалардың болуына арналмаған. Алайда бұл жағдайдан кейін Еуразиялық банк қауіпсіздік деңгейін арттырып, мұндай оқиғалардың алдын алу үшін шаралар қабылдап жатыр. Бөлімше қызметкерлері дереу жедел жәрдем шақырды. Бастапқыда анасы баланы ауруханаға жатқызудан бас тартқан. Соған қарамастан, дәрігерлердің айтуымен және банктің көмегімен бала Алматы қаласындағы №1 Балалар ауруханасында қайта тексеруден өтіп, ем қабылдады", – делінген хабарламада.

Банк медициналық көмектің ақысын төлеп, баланың ауруханаға жеткізілуін ұйымдастырған. Сондай-ақ баланың оның тезірек сауығуы үшін арнайы балаларға арналған ортопедиялық кереует сатып әперген.

"Қазір банк өкілдері отбасымен тұрақты байланыста және оңалту кезінде қажет болатын кез келген көмекті көрсетуге дайын", – деп мәлімдеді Еуразиялық банктің баспасөз қызметі, 

Баланың ата-анасы сотқа дейінгі шағым түсірген.

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 30 Шілде, 2025 11:08
Талқылау
`