"Кеңсе жалдап, сонда таратсын": Алматылықтар балалар ойнайтын алаң самокаттар тұрағына айналды деп шағымданды

Алматылықтар балалар ойнайтын алаңдарда электрсамокаттар тізіліп тұрғанын түсінбей дал. Олар әлеуметтік желіде балалар алаңындағы көріністі суретке түсіріп, жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Балалар алаңын самокаттар тұрағына айналдыруға кім рұқсат берді? Самокаттар мен электрвелосипедтер жаяу жүргіншілерден тротуарды тартып алды. Үнемі біреу зардап шегеді. Бұлай болмайды”, – деп жазды автор.
Жазбаны қолдаған қала тұрғындарының қарасы көп. Олар да балалар алаңындағы көріністі суретке түсіріп, жариялады.
“Самокат иелерін Алматыда кім бақылайды? Енді аулалар мен балалар ойнайтын алаңда да толып кетті”, “Қоғамдық аумақты жеке кәсіпке пайдалану – сандырақ. Кеңсе жалдап, сонда таратсын”, “Аулада самокаттан аяқ алып жүре алмайсың”, “Ешкім бақыламаса, ешкімге керек емес болса қоқысқа тастау керек”, – деп жазды олар.
Осыған қатысты Алматы әкімдігінен болған жағдайды түсіндіруін талап етті.

Заң не дейді?
Қала билігі заңға сәйкес көлік құралдарының жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмеуге тиіс екенін мәлімдеді.
“Жол қозғалысы қағидаларының 12-тарауының 87-тармағының 8-тармақшасына сәйкес, көлік құралдарын басқа көлік құралдарының және жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіретін орындарда тоқтатуға тыйым салынады”, – деп түсіндірді әкімдік.
43 250 теңгеге дейін: Енді самокатпен жол ережесін бұзған қазақстандықтарға айыппұл салынады
ОқыңызНе істеу керек?
Әкімдік Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының жалға берілетін электр самокаттарды аулалық аумақтарда, әсіресе, балалар және спорт алаңдарында орналастыруға жол бермеу керек екенін еске салды.
“Осыған байланысты тротуарларда, жаяу жүргіншілер өткелдерінде және басқа да қоғамдық кеңістіктерде электрсамокаттар ретсіз орналасқан жағдайда азаматтар мұндай кедергілерді жоюды талап етуге құқылы. Ал уәкілетті органдар оларды ретке келтіру бойынша шаралар қабылдайды. Мұндай аймақтарға самокаттарды орналастыру фактілері анықталып жатыр. Бұл әрекеттер балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, аталған кеңістіктерді мақсатты пайдалануына кедергі келтіреді, сондықтан ерекше бақылауда”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ осындай құқықбұзушылықтар анықталған жағдайда қала тұрғындарын тиісті шаралар қабылдау үшін 102 нөмірі арқылы құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырды.