Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кеңсайға жерленген Ескендір Хасанғалиевке ескерткіш мүсін қойылды

Бүгін Халық әртісі, абыз әнші, ұлы композитор Ескендір Хасанғалиевтің зиратына ескерткіш қойылды. Кеңсайға жерленген әртістің рухына ұлы Біржан Хасанғалиев құран бағыштап, қоладан құйылған мүсін тұрғызды. Stan.kz тілшісі назарларыңызға фоторепартаж ұсынады. 

Марқұмның ескерткіш тасының ашылуына тек ет-жақын туыстары ғана жиналды. Қаралы жиын санитарлық талаптарға сай өтті. 

Имам құран бағыштап, жиында әріптестері мен достары, алыстан келген шәкірттері сөз сөйледі. Ал Біржан Хасанғалиев мүсін эскизі көңілінен шыққанын, 45 күн ішінде салынғанын жеткізді. 

“Мүсін үлгісі бірден ұнады. Шеберлер ескерткішті 45 күнде жасап шықты. Мына қиын заманда ешкім ауырмасын. Қаншама ірі тұлғаларымыздан осы індеттің кесірінен айырылып қалдық. Қазіргіден де көп адам жиналар ма еді, бірақ жағдайға байланысты ең жақын жолдастарды шақырдық. Осы індет тезірек тоқталса екен деген арманымыз бар. Әкеміз сияқты ұлы адамдар, талантты өнерпаздар өмірден кетпесе екен, ұзақ ғұмыр жасаса екен. Тағы да талай әдемі туындыларын жарыққа шығарса екен деген тілегім бар”, – дейді ол. 

Келген қонақтарға алғыс айта отырып, әкесінің жатқан жері жайлы болуын тіледі. 

50 жыл бір шаңырақ астында тұрған әртістің жары Дарико Хасанғалиева толқып, көз жасына ерік берді. 

Еске салсақ, осы жылдың 30 сәуірінде әнші және композитор, Халық әртісі Ескендір Хасанғалиев дүниеден озды. Әртістің 40 күндік асынан кейін жұбайы Дарико Хасанғалиева Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді. Марқұм жары туралы жылы естеліктерімен бөлісіп, өмірінің соңғы кезеңдері жайлы айтып берген еді. Біржан Хасанғалиев әкесі екпе салдырғанда аман қалар ма еді деген өкініші туралы жеткізген еді. 

Талқылау