Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Кенесары ханның ұрпақтарының бірі Шымкентте тұрады

1837-1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Қазақ хандығының соңғы билеушісі Кенесары Қасымұлының ұрпағы қазақ жеріне кең таралған. Аласапыран уақытта олардың бірқатары, тіпті, тегін ауыстыруға мәжбүр болған. Алайда, Натай Кенесарин басына қандай қатер төнсе де өзінің Хан Кененің ұрпағы екенін ешқашан жасырмаған.

Кенесары хан

Бұл туралы оның жиен немересі Мадина Әміртаева айтып берді, деп жазады “Оңтүстік Қазақстан” газеті.

– Әуелі нағашы атам Натайдың Кенесарыдан қалай тарайтынына тоқталайын. Кенесары ханның ұлы Ахмет сұлтан, ал, оның баласы Әзімхан болған. Әзімханнан Натай тараған. Натайдың шын есімі – Насыролла. Оның Раушан, Гауһар және Мұрат есімді үш перзенті болды. Тұңғышы Раушанның (шын есімі — Светлана) бір ұл, бір қызы бар. Сол қыз менмін. 35 жылдан бері Шымкентте тұрамын.

Менің түп нағашы атам Әзімхан да осында өмір сүрген. Оның бәйбішесі Анипа Батыршақызы Натайды, Хамиданы, одан кейін кенжесі Мұхаммеджанды дүниеге әкелгеннен кейін өмірден өткен деседі. Сонда Әзімхан ата Батыршаға барып: «Маған тағы да бір қызыңды бер, мына балалар жетім қалмасын» деп өтініпті. Қария оған Зухра апаны ертіп жіберген екен. Одан 5 перзент сүйді.

Әзімхан атаның Бекет батыр көшесінде орналасқан үйінің орны әлі бар. Ол Шымкенттегі қалалық училищені бітіргеннен соң Әулиеата уезі басқармасында хатшы болып жұмыс істеген. 1917 жылы Орынбор қаласында өткен Бүкілхалықтық І-ші құрылтайға депутат болып сайланады. Ал, Орынбордағы ІІ-съезде төрағаның орынбасары қызметін атқарып, Алашорда өкіметінің құрылғандығы және жер мәселесі жөнінде сөз сөйлейді.

Сонымен қатар, «Алаш» партиясының негізін қалаушылардың бірі, Алашорда үкіметінің мүшесі болған Әзімхан Кенесаринді Қазақстандағы контрреволюционер-ұлтшыл, исламистік-террористік, диверсиялық ұйымның белсенді мүшесі ретінде айыптап, ату жазасына кескен. Бұл шешімді небәрі үш күннің ішінде шығарып, «Албасты сайға» апарып атып өлтірген деп естиміз. Біз оның сүйегінің нақты қайда жатқанын білмейміз.

Нағашы апам (есімі – Хадиша, Натайдың жұбайы): «Бір күні үйге аяқ астынан қару асынған жігіттер баса-көктеп кіріп келіп, атамды алып кетпек болды. Осы кезде көрші бөлмеде енем, мен және менің тұңғышым Раушан (Мадинаның анасы) үшеуміз отырғанбыз. Раушан – емізулі бала еді. Қайын атаммен қоштаспақ болып, есік жаққа ақырындап жақындай бергенімде арғы жақтан белгісіз біреудің:

– Мұнда кімдер бар? – дегенін естідім. Қайын атам оған:

– Онда көршілер тұрады, – деп дауысын көтеріп жауап қайтарып, бізге «Шықпаңдар!» деп белгі бергендей болды. Осыдан кейін ары қарай беттей алмай, бір орында тоқтап тұрып қалдым. Біз сөйтіп аман қалғанбыз» деп айтып отыратын. Әзімхан Кенесарин 1956 жылы ақталды.

– Сонда Әзімхан атаны осы Бекет батыр көшесінде орналасқан үйден ұстап алып кеткен бе?

– Иә.

– Ал, бұл кезде сіздің нағашы атаңыз қайда болған?

– Мәскеуде аспирантурада оқып жатқан. Оған да «халық жауының ұлы» деп зәбір көрсетті. 1939-1940 жылдары оқудан шығарылып, шәкіртақысынан қағылды.

Натай Кенесарин ұзақ жылдар инженер-геолог болып жұмыс істеді. Мәскеуде метро құрылысын салуға қатысты. Осындай белді қызметтерді атқарғанымен оның тапқан табысы отбасын асырауға жетпеді. Тығырықтан шығар жол іздеген ол алдымен өзінің заң жүзінде неге құқылы екенін білу үшін КСРО прокуроры Андрей Вышинскийдің қабылдауына жазылды. Кездескенде сұрағын да бірден осыдан бастапты.

– Біздің өкіметте бала әкесі үшін жауап бере ме? Егер де жауап бермесе, менің өз құқығымды қорғап қалуыма көмек беріңіз. Олай болмаса мені қамауға алыңыз.

– Бала әкесі үшін жауап бермейді. Сізді қамауға алуыма ешқандай себеп жоқ, — депті ол. Осы кезде Натай Кенесарин прокурордың көзіне тік қарап тұрды да:

– Мен сізге мүмкіндік беремін. Тас төбеңізден мына прес-папьемен бір-ақ қойып қалсам болғаны…, – дейді. Осыдан кейін Андрей Вышинский телефон алып белгісіз біреуге қоңырау шала бастайды. Арғы жақтан тұтқаны көтерген адамға өктем дауыспен «24 сағаттың ішінде оқу орнына қайта орналастырыңдар!» – деп бұйрық береді.

Натай Әзімханұлы оқуын аяқтағаннан кейін Алматыға келді. Бұл кезде оған қазақ геологтары ғылыми мектебінің негізін қалаушы, қоғам қайреткері Қаныш Сәтпаев қолдау көрсетіп көмектескен екен. 1948 жылы оған тосыннан белгісіз бір кісі қоңырау шалып: «Натай дайынсың ба?» дейді де, тұтқаны қоя салады. Ол мұның не айтпақ болғанын ә дегеннен-ақ түсінеді де үй-жайының бәрін тастап, отбасымен Ташкентке қарай қашады. Өйткені, ол жақта Мәскеуде аспирантурада бірге оқыған Хабиб Абдуллаев пен Ғани Мавлянов есімді достары бар болатын.

Хабиб Абдуллаев оны жұмысқа тұрғызып, адам аяғын баспаған бетбақ далаға геологиялық зерттеу жүргізуге жібереді. Содан ізінен қуып келгендер оны таппай, кері қайтуға мәжбүр болады. Міне, содан менің нағашы атам өмірінің соңына дейін Өзбекстанда тұрған. Ол кісіге топырақ та сол жақтан бұйырды ғой.

Сталин дүниеден өткеннен кейін кандидаттық диссертациясын қорғап, ғылым докторы, академик болды. Мұның бәрін көзі тірісінде өзі айтып берген еді.

Өмірбаянында «Натай Кенесарин 1952-1960 жылдар аралығында Ташкент ауылшаруашылығы институтында кафедра меңгерушісі, профессор болды. 1960-1962 жылдары Ташкент қаласындағы Гидрогеология және инженерлік геология институты директорының орынбасары, кейіннен директоры қызметтерін атқарды. Сонымен қатар, 1971-1975 жылдары Ташкент ирригация және мелиоарация институты Гидрология және гидрогеология кафедрасының меңгеруші болды» деп жазылған. Бүгінде Өзбекстанда әр он жыл сайын Натай Әзімханұлын еске алу мақсатында ғылыми-практикалық конференция өткізіледі. Әруағына құран бағышталып, ас беріледі. Бізді оған қонақ ретінде шақырып тұрады.

Натай Кенесариннің жұбайы Хадиша Ибрагимқызы да текті жерден шыққан. Әбілхайыр ханның ұрпағы Ибрагимнің қызы. Тарқатып айтсақ, Әбілхайыр ханның баласы – Ералы, ал оның баласы – Бөлекей. Одан Қасым, Қасымнан Елкей хан, Елкей ханнан Ибрагим тараған.

Ибрагимнің 5 баласы болған. Соның бірі осы біздің Хадиша апамыз.

– Натай Әзімханұлы – қазақтың төл перзенті. Нәубет жылдары теперіш көріп, басына қатер төнген соң амалсыз Өзбекстанды сағалағаны рас. Дегенмен, ол кісі ғылым саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Өз жұрты неге оған мұндай құрмет көрсетпейді деп ойлайсыз?

– Атамды елеусіз-ескерусіз қалды дей алмаймын. Туғанына 100 жыл толуына орай елімізде халықаралық деңгейде үлкен ғылыми конференция ұйымдастырылды. Шетелдерден арнайы делегациялар келді. Біздің еш өкпеміз жоқ.

Менің әкемнің әкесі өте бай кісі болған. Репрессия жылдарында барлық мал-мүлкін өкіметке өткізген. Оның жақын туған-туысқандары Ауғанстанға қарай бас сауғалап қашқан көрінеді. Ал, атам үлгере алмай Ташкентке қарай беттеп, Навои облысына қарасты Тамдыбұлақ ауылын мекендейді. Онда ертеде тек қазақтар тұрған.

Атамның аты-жөні – Жазық Күзембаев. Ол 1875 жылы Бұхарадағы медресені бітірген. Араб тіліне жетік болған. Бір қызығы, жаппай қуғын-сүргін кезінде адамдар сыртта былай тұрсын, өз үйінде де құпия бір сөз айтатын болса, өзге тілде сөйлескен. Мәселен, менің нағашы атам Натай мен нағашы апам Хадиша бір-біріне сырларын неміс тілінде жеткізген екен.

Менің әке-шешем Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінде бірге оқып, биология факультетін бітірген. Олар ғылыми жұмысын Мәскеуде қорғаған. Анам 1972 жылы Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде еңбек етіп, биология факультетінің және философия кафедрасының доценті болды. Ал, әкем микробиология институтында жұмыс істеді. Оның аты-жөні — Игілік Жазықұлы.

Мен де күйеуіммен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірге оқыдым. Оның мамандығы – заңгер. Бүгінде екеуміз екі бала, бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Ұлдарымыз үй-жайлы болған. Ал, қызымыз Францияда оқып жатыр.

– Оңтүстікте Кенесары ханның сізден басқа тағы ұрпағы бар ма?

– Жалпы Кенесарының ұрпағы бүкіл қазақ жеріне кең таралған. Біз бір-бірімізбен жақын қарым-қатынаста араласамыз. Олардың көпшілігі негізінен Алматы, Қарағанды қалаларында. Мәселен, менің бауырым Мақсұт Алматыда тұрады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Оқи отырыңыз:

STAN.KZ
Жексенбі, 22 Сәуір, 2018 17:16
Талқылау
Пікір
Zzz
22 Жел, 22 жыл - 14:08

Кенесары Қасымұлының ұлы  Ахмет султаннан тараған 4-5 ұрпақтар Шымкент қаласында және Түркістан облысы Ордабасы ауданы  Көлтоған ,Берген, Төре арық ауылдарында тұрады Ахмет сұлтан Төре арық ауылындағы мазаратта жерленген