Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Немерем кемтар әже керек емес деді": Қарттар үйіндегі қариялар қалай өмір сүріп жатыр

Қазақстанда қарттар үйі неге қаптап кетті? Қариялардың шаңырағынан безінуіне балалары кінәлі ме, әлде өздері ме? Қарттар үйін паналағандардың бәрінің тағдыры қиын ба? Әлде мұндай мекемеге немере бағудан қашып келетіндер бар ма? Stan.kz тілшісі қарттар үйін паналаған жандармен сұхбаттасты. 

Қайша Капкенова 2018 жылдан бері қарттар үйінде тұрып жатыр. 21 жасында тұрмысқа шыққан апа жастайынан қиындық көрген. Жолдасы ішімдікке әуес болып, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген соң ажырасқан. Үлкен ұлын ата-анасы бауырына басып, тәрбиелеуге жәрдемдескенімен туғаны өзіне бөтен болып өседі. Қартайған шағында баласы мен келіні қарттар үйіне әкеліп тастаған. 

“Мен Талдықорған өңірінің тумасымын. Жылап жүріп баққан балам тастап кетті. Келінім күн бермейтін. Тоңазтқыш ашсам сөйлейді, теледидарға жақындасам сындырасың деп ұрсады. Балама айтсам кейін екеуі ұрсысып қалады. Содан үндемеймін. Өзімнің он сегіз жасыма ұқсайтын немерем бар. Өте әдемі. Оған қарасам жастық шағым есіме түседі. Сол немерем маған кемтар әже керек емес деп жоламайды. Сөйтіп мен оған ренжіп қалғам. Қарттар үйінде жағдайым жақсы. Мұндағы қыздар жылап жүрген кезде жыламаңыз, сіз өте әдемісіз деп жұбатты. Қазір ән айтамын, еш жерім ауырмайды. Өзім жалғыз тұрып жатырмын”, – дейді әже. 

Ал Нұрлан Нұрмұмбетовтің жасы 64-те. Алпыс жасында жол апатына түсіп, бір аяғынан айырылған. Бір қызы бар. Бірақ өте ерте жаста ажырасқандықтан баласымен жақын араласпайды. 

“Бес жылдан бері қарттар үйіндемін. Менің бауырларымнан басқа ешкімім жоқ. Жиырма жеті жасымда ажырасып кеттім, содан бері үйленбедім. Жалғыздық тек құдайға жарасады ғой, тағдырым солай болды. Аяғымнан айырылған соң ағамның үйінде тұра алмай бөлек кету керек деп шештім. Өмірде өкінішім көп. Кейбір бауырлар бір-біріне жақын бауырмал болады ғой, сондай отбасыларға қатты қызығамын. Өкінішке қарай біз ондай отбасы бола алмадық”, – дейді ол. 

Айымторы Тайғаринова жасы 88-де. Жас кезінде театр актрисасы болған. Жолдасы екеуі Шымкенттен Алматыға көшкен соң қаржылай қиындықтан заңгер жігітті үйіне тұрғызады. Ол азамат екі қарияны алдап үйін өзіне жазып, пәтерді сатып жіберген. Осы аралықта Айымторы апаның жолдасы қайтыс болып, өзі далада қалады. 

“Менің балам болмады. Жолдасым екеуміз оңбай алдандық. Соған ғана өкінемін. Жастық жағым өте керемет өтті. Мені Шымкент халқы жақсы көретін. Менің қойылымдарымдағы көрермен ықыласы мен ілтипаты әлі көл алдымда. Менің Астанада бауырларым бар. Арасында хабарласып тұрады. Ешкімге ренжімеймін. Мұнда жағдайым жақсы. Бірақ бәрібір өз үйіңдей бола алмайды”, – дейді ол. 

Сұхбаттың толық нұсқасын Stan.kz YouTube арнасынан көре аласыздар!

 

STAN.KZ
Бейсенбі, 09 Қазан, 2025 09:00
Талқылау