Келіншегі үшін ота жасатқан ер адам көз жұмды
Фото: scmp.com
Қытайдың Хэнань провинциясында 36 жастағы Ли Цзян есім асқазанға шунттау операциясынан кейін көз жұмды. Ер адам ұзақ уақыт бойы семіздікпен күресіп келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі South China Morning Post-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Ли Цзянның бойы 174 см болса, салмағы 134 келіден асып, узақ уақыт бойы артық тамақтанудан зардап шегіп жүрген.
Ли бойжеткенмен сөйлесіп жүрген, олардың қарым-қатынасы жақсарып, екі жақтың ата-анасымен танысуға дайындалып жүрген. Оның ағасының айтуынша, інісі сүйіктісінің ата-анасымен таныстықта оларға жақсы көріну және денсаулығын мықты қылып көрсету үшін бариатриялық отаны жасатуға бел буған.
“Бұл отаны ол алдағы үйлену тойына дайындалып жүргендіктен жасатты”, – деді ағасы.
30 қыркүйекте Ли Чжэнчжоу қаласындағы Тоғызыншы халық ауруханасына жатқызылды. Ота 2 қазанда сәтті өтіп, науқас реанимацияға, кейін жалпы палатаға ауыстырылған. Алайда 4 қазанда оның жағдайы күрт нашарлап, шамамен таңғы 6:40-та тынысы тоқтағаны анықталды. Оны қайтадан жансақтау бөліміне жеткізгенімен, құтқару мүмкін болмаған. Сөйтіп Ли Цзян 5 қазанда тыныс жеткіліксіздігінен қайтыс болды.
Медициналық жазбаларға сүйенсек, соңғы бір жыл ішінде Лиде айтарлықтай салмақ қосу, ұйқы кезінде қорылдау, метаболикалық синдром, гипертония және бауырдың майлануы анықталған.
Марқұмның отбасы дәрігерлер отаның алдында Лиді мұқият тексергеніне және жағдайы нашарлаған кезде уақытылы көмек көрсеткеніне күмән келтірді. Олардың сөзінше, аурухана ер адамның қосымша ауруларына байланысты қауіптерді дұрыс бағаламаған.
Ал медициналық мекеме науқастың отаға нақты клиникалық көрсетілімдері болғанын, ал жағдайы нашарлаған сәтте дәрігерлер дереу әрекет еткенін мәлімдеді.
Екі тарап та өлімнің нақты себебін анықтау үшін жергілікті денсаулық сақтау комиссиясына мәйітханалық сараптама жүргізуді тапсыруға келісті.
Айта кетейік, бұған дейін жігіттерден көңілі қалған әйел ChatGPT көмегімен жасалған күйеуге тұрмысқа шыққаны хабарланған еді.
"Біреулер көрсін, гей болсын демейміз": Қазақстандықтар желіде ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңды қызу талқылап жатыр