Келесы жылы елімізде дәрі-дәрмек бағасы қымбаттап, тапшылық болмақ: Кәсіпкерлер дабыл қақты
Фото: freepik.com
Келер жылы Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы қымбаттап, тапшылық болуы мүмкін. Салдарынан отандық өндірушілер қыруар шығынға ұшырамақ. Салалық қауымдастық өкілдері жаңа салық кодексі кәсіпкерлерді тығырыққа тірегелі отыр дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Салалық қауымдастық өкілдері 2026 жылдан бастап дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығару тиімсіз болады дейді. Себебі, препараттардың өзіндік құны өседі. Демек өндірушілер дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды дайындауға қажет шикізат пен субстанцияларды импорттайды. Сәйкесінше, елге кіргізу кезінде 16% көлемінде қосылған құн салығын өтейді. Алайда, төленген қаржыны есепке алып, бағаны ұлғайта алмайды. Себебі, ол тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіреді. Ал, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мен тегін көмек тізіміне енген дәрілердің бағасын мемлекет реттейді.
"Отандық өндірушілер өндірген дәрінің бағасы тікелей импорттық тауар құнына байланысты белгіленеді. Мәселен, шетелдік өндіруші парацетамолды Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 90 теңгеге әкелді делік. Ол елге кіргізген кезде де, сатқан кезде де құн салығын төлемейді. Ал біз, дәріні шығаруға қажетті әрбір зат үшін 16% қосылған құн салығын төлейміз. Бірақ, оны есепке ала алмаймыз. Себебі, біздің бағаны импорттық өнімнің бағасына теңестіреді. Сонда біз қалай дамимыз", – деді фармацевтикалық және медициналық өнімдерді өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры Гүлдария Манақпаева.
Қауымдастық өкілі салық жүктемесі әділ бөлінуі тиіс екенін айтты. Оның айтуынша, препарат ел аумағына кіргізілген және сатылған кезегі салық теңдей болуы керек. Демек ол қазіргі 0-ден 16%-ға дейінгі ауытқу жөн емес. Ал, кәсіпкерлер палатасының өкілі жеңілдіктер мен ставкаларды жіктеу қиын жағдайға әкеп соғуы ықтимал деп отыр.
"Әзірге импорттық тауарлар бөлшек саудада сатыла ма, әлде тегін медициналық көмектің тізіміне енгізіле ме, белгісіз. Сондықтан, салықтық әкімшілендіруге қатысты заңды сұрақтар туындап отыр. Өйткені, қазір тауарлар үшін жоғары ставкамен салық төлеуге тура келеді. Бірақ, кейін ол тегін дәрілер тізіміне кіріп кетсе, құн салығы қалай қайтарылады? Білмейміз. Оның нақты әдісі жоқ", – дейді "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жәркенов.
Ал, отандық өндірушілер үшін ең қиыны өзіндік құны өскен дәрінің бағасын көтере алмау. Бұл жайт орасан шығынға ұшыратып, салдарынан нарықта дәрі тапшылығы пайда болуы мүмкін.

“50 жыл басқа елде тұрған ата-анам артымнан еріп, көшіп келді”: Қазаққа келін болып түскен корейлік ару жаңа отбасы туралы айтып берді
