"Келесі соққы ауыр болады": Трамп Иранды ядролық келісімге келуге шақырды

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды ядролық келісім жасауға шақырып, қарсы жағдайда бұрынғыдан да ауқымды әскери соққы жасалатынын ескертті. Ол америкалық әскери кемелер Иранға қарай бет алғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында АҚШ-тың көптеген әскери кемелерінен тұратын алып армада Иран бағытында қозғалып бара жатқанын мәлімдеді.
"Иран тез арада келіссөз үстеліне отырып, әділ әрі тең құқықты келісімге келеді деп үміттенемін. Ядролық қарусыз, барлық тарапқа тиімді келісім. Уақыт таяп барады, бұл шынымен де шешуші сәт. Келесі соққы әлдеқайда ауыр болады!" – деп жазды Дональд Трамп.
АҚШ президентінің айтуынша, армадаға жетекшілік ететін USS Abraham Lincoln авианосцы қажет болған жағдайда күш қолдануға дайын. 2025 жылғы 21 маусымда АҚШ Иранның үш ең ірі ядролық нысанына – Фордо, Натанз және Исфахандағы уран байыту зауыттарына соққы берген еді.
Сол кезде Трамп Иранды "терроризмнің басты демеушісі" деп атап, оның тарапынан төнген ядролық қауіп жойылғанын мәлімдеген.
- Трамп Мадуроны ұстау кезінде АҚШ қолданған құпия қарудың атын айтты
-
Қазақстандық әуе компанияларының Иранның үстімен ұшуына тыйым салынды
Еске салайық, бұған дейін Иранда ұлттық валюта құлдырап, жаппай наразылықтар басталғаны, сондай-ақ наразылық акцияларының соңы тәртіпсіздік пен тонауға ұласқаны туралы жазған едік. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның қауіпсіздік күштері наразылық білдірушілерге оқ атқан жағдайда, оларға көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Осы мәлімдемеден кейін Иран өздеріне шабуыл жасалса Израиль мен АҚШ базаларына соққы беретінін ескертті.