Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ормуз бұғазы жабық күйінде қалады": Иранның жаңа рухани көшбасшысы алғаш рет халыққа үндеу жасады

Фото: irna.ir

Иранның жаңа рухани көшбасшысы Моджтаба Хаменей алғаш рет халыққа үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Моджтаба Хаменей өз үндеуінде АҚШ-пен бітімге келмейтінін, құрбан болғандар үшін кек алатынын атап өтті. 

“Біз азап шеккен құрбандарымыздың қаны үшін кек алатын боламыз. Әрбір өлтірілген ирандықтың кегі қайтарылады. Біз үшін бұл мәселе бірінші орында, әсіресе Минаб мектебіндегі балаларымыздың қаны үшін. Біз дұшпандардан өтемақы талап етеміз, егер олар бас тартса, олардың мүлкін, қажет деп тапқанымызша тартып аламыз. Немесе оларға да осыған ұқсас залал келтіреміз”, – деді Хаменей.

Иран Ормуз бұғазында теңіз миналарын орналастырмақ

Таяу Шығыстағы қақтығыс: Иран елшісі Қазақстанға қауіп жоқ екенін айтты


Иран көшбасшысы көршілес елдерді өз аумақтарындағы АҚШ әскери базаларын жабуға шақырды. Сондай-ақ ол Ормуз бұғазының ашылмайтынын мәлімдеді.

“Мен біздің батыл жауынгерлерімізге алғыс айтамын, олар зор жұмыс атқарып жатыр. Біз көршілерімізбен арадағы достығымызға сенеміз және тек АҚШ әскери базаларын нысанаға аламыз. Біз бұл шабуылдарды жалғастыруға мәжбүрміз. Барлық АҚШ базалары жабылуы керек, әйтпесе біз оларға шабуылдай береміз. Ормуз бұғазы да жауымызға қысым көрсету үшін жабық күйінде қалады”, – деді Моджтаба Хаменей. 

Айта кетейік, Моджтаба Хаменей – Иранның бұрынғы рухани көсемі Әли Хаменейдің ұлы. Әли Хаменейдің өлімінен кейін Иранның сарапшылар кеңесі Моджтаба Хаменеиді елдің жаңа Жоғарғы көшбасшысы етіп тағайындаған еді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 12 Наурыз, 2026 22:16