Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

KEGOC компаниясы республикалық фестиваль аясында заманауи технологияларын таныстырды

Астанада техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамытуға бағытталған "Жұмысшы мамандықтар қаласы" республикалық фестивалі өз жұмысын бастады. Аталмыш іс-шара Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылып, еліміздегі өндіріс саласына қажетті мамандарды дайындау мәселесін көтеруді мақсат етеді. 

EXPO халықаралық көрме орталығындағы іс-шараға Самұрық-Қазына қорына қарасты ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары мен энергетикалық компаниялары да белсенді қатысып отыр. Солардың бірі – KEGOC ұлттық компаниясы. Ол – электр энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін жүйелік оператор. Компания Ұлттық электр желісін басқарып, елдегі энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бүгінде компанияда 4 495 қызметкер жұмыс істесе, олардың 1 700-і – жұмысшы мамандық иелері. Бұл энергетика саласының жоғары білікті мамандарға деген сұранысын көрсетеді.

KEGOC-тың HR, құқықтық сүйемелдеу және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры Төлеген Сафуани компанияның негізгі миссиясын атап, компанияның басым бағытына тоқталды.

"Бүгінде компания өз қызметкерлерінің әл-ауқатын жақсартуға ерекше көңіл бөледі. Сондықтан болар, KEGOC-тағы әлеуметтік тұрақтылық рейтингі 87% құрайды. Бұл – "Самұрық-Қазына" компаниялары арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі”,– дейді басқарушы директор Төлеген Сафуани.

KEGOC жастар үшін қандай мүмкіндіктер ұсынады?

Республикалық фестивальдің KEGOC стендінде жастар компания қызметімен, өндірістегі мамандықтармен және қолданылатын заманауи технологиялармен танысты. Келушілерге VR-тренажерлар арқылы қосалқы станцияларды басқару, электр жабдықтарын сөндіру үдерісіне қатысу мен қауіпсіздік құралдарын пайдалануға мүмкіндік туды.

Бұл туралы KEGOC-тың Стратегия және тұрақты даму жөніндегі басқарушы директоры Эльвира Қонақбаева баяндады.

"Энергетика – елдің тұрақты дамуының негізі. Біз жастарға энергетик мамандығының маңызын түсіндіріп, заманауи технологияларды таныстыруға талпындық. Электрик үйінде жұмысшылардың күнделікті құрал-жабдықтары көрсетіліп, VR-тренажерлар арқылы қосалқы станцияны аралауға мүмкіндік жасалды", – дейді ол.

Компания өкілдерінің таныстырылымынан соң, оқушылар мен студенттер KEGOC-тың жұмысын бақылап, алған әсерін де айтты. Жалпы компанияның жастарға бағытталған мүмкіндігі мол. Себебі бұл іс-шара арқылы KEGOC жастарды энергетика саласына тартуды әрі болашақта пайдалы мамандық таңдауына бағыт беруді көздеп отыр.

"Халыққа сапалы қызмет етеді"

Фестивальге келушілердің бірі, №80 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Төлейова Кәусар KEGOC туралы:

"KEGOC – қазақстандықтардың болашағын жарқын етуге үлес қосатын компания. Фестиваль аясында көптеген құнды дүниелермен танысып, пайдалы ақпаратқа қанықтық. Меніңше, компанияның жаңа технологиялары келешек ұрпақтың өмірін жақсартады деп ойлаймын", – дейді.

Сонымен қатар сол мектептің тағы бір оқушысы Омаров Аңсар:

"KEGOC халыққа сапалы қызмет етеді. Көрмеде олардың заманауи технологияларын көріп, энергетика саласына деген қызығушылығым артты. Болашақта осы мамандықты қарастырғым келеді", – дейді.
Ал Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 4-курс студенті Жалғабаев Нұрлан:
"Мен бала кезден физика пәніне қызығатын едім. Өйткені энергетика – тек Қазақстан үшін емес, бүкіл әлем үшін маңызды сала.

KEGOC – еліміздегі ең мықты компаниялардың бірі. Оқуымды аяқтаған соң осы компанияда жұмыс істегім келеді", – дейді.

KEGOC – заманауи технологиялардың көшбасшысы

Жалпы KEGOC стендінде жоғары кернеулі әуе электр желілерінің макеті, қосалқы станциялар, инновациялық қорғаныс құралдары және заманауи өлшеу жабдықтары ұсынылды. Сонымен қатар FLIR T640 видеокамералары мен MAVIC 3 PRO квадрокоптері арқылы электр желілерін қашықтан тексеру мүмкін болатыны да көрсетілді.

KEGOC-тың Пайдалану және күрделі құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Ермаханбет Атақұлов компанияның инновациялық дамуы туралы:

"KEGOC Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымының дамуына өз үлесін қосып келеді. Біз заманауи технологияларды енгізу арқылы еліміздегі электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттырып келеміз", – дейді.

Компания 28 000 шақырымға жуық 398 әуе желісін басқарады. Себебі ол  Қазақстанды электр энергиясымен қамтамасыз ететін басты инфрақұрылым. KEGOC бұл желілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін цифрлық релелік қорғау жүйелерін және автоматтандырылған бақылау технологияларын белсенді түрде енгізіп отыр.

Фестиваль барысында KEGOC келушілерді Ұлттық диспетчерлік орталыққа тікелей қосылып, энергетикалық жүйені қалай бақылауға болатынын көруге шақырды. Жұмысшы мамандықтар қаласы фестивалі аясында компания өз қызметін таныстырып қана қоймай, жастарға энергетика саласының келешегі туралы баяндады. 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 12 Ақпан, 2025 16:07